Фейк: «Глобалистер жаңа вирус шығармақ»
Қазнетте Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда елдердің әлемдік көшбасшылары «Х ауруы» деп аталатын жұмбақ жаңа пандемияны талқылағаны туралы жарияланым шықты. Глобалистер өздерінің жоспарларымен бөліскен екен. Бұл рас па, анықтайық.
Швейцарияда 15-19 қаңтар аралығында Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы жиналысы өтті. Биыл 17 қаңтарда өткен сессияда «Х ауруы» талқыланды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымдауынша, гипотетикалық вирустан болатын өлім-жітім COVID-19-дан 20 есе артық болуы ықтимал.
Глобалистер де, басқалары да әлемде жаңа індеттің қашан болатынын нақты білмейді. Осыған қарамастан, ғалымдар мен сарапшылар болашақта пайда болуы мүмкін вирусқа қарсы күрес жоспарын құруда. Вирус өршіп, пандемияға айналған жағдайда, денсаулық сақтау жүйесі дайын болуы керек.
Джонс Хопкинс денсаулық қауіпсіздігі орталығының докторы Амеш Адальяның пікірінше, бұл бәрі ойлағаннан ертерек болуы мүмкін. Мұндай қауіп бар, өйткені вирустардың кейбір штаммдарында өлім-жітім деңгейі жоғары. Бұл рете олар адамнан адамға тез беріледі.
Алғаш рет «Х ауруы» термині 2018 жылы пайда болды. ДДҰ эпидемия тудыруы ықтимал гипотетикалық қоздырғышты осылай атады. Бұл жұқпалы аурулардың пайда болуын болжау мүмкін еместігін білдіреді.
2022 жылы ДДҰ вирустар мен бактериялардың 25 тобын 300 ғалымды зерттеуге шақырды. Зерттеу қорытындысы бойынша ең қауіпті қоздырғыштар: COVID-19, Зика вирусы, Марбург және Эбола вирустық инфекциясы, Ласса безгегі және Рифт-Валли безгегі, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, MERS және ТОРС, Нипах вирустық инфекциясы кірген тізім жасалды. Тізімде «Х ауруы» да бар. ДДҰ-ның пікірінше, әлемдегі эпидемия белгілі және белгісіз вирустың әсерінен болуы мүмкін, сондықтан барлық мүмкіндіктерді қарастыру қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көптеген сарапшылары COVID-19 алғашқы «Х ауруы» болды дейді. Давостағы форумда ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл пікірмен келісті. COVID-19 – соңғы уақыттағы ең апатты пандемиялардың бірі. 7 миллионға жуық адам қайтыс болды. Гебрейустың айтуынша, ғалымдар сарапшылармен бірге осы тәжірибеден сабақ алуы керек. Болашақта ең нашар сценарийді болдырмау үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың нақты жоспары қажет.
«Х ауруы» жаңа вирус емес. Бұл гипотетикалық ауру. Егер әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі оған дайын болмаса, ол коронавирустық инфекциядан да қорқынышты болады. Әлемдік деңгейде жедел әрекет ету миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.