Фейк: «Гендік инженерия арқылы адамдарда етке аллергия тудырады»
Әлеуметтік желілерде адамдарда етке аллергия тудырып, адамның қоршаған ортаға әсерін азайту үшін гендік инженерияны қолдануды ұсынған Мэттью Ляоның видеосы тарады.
Мэттью Ляо – америкалық философ және биоэтик. Ол нейротехнология, жасанды интеллект этикасымен айналысады және климаттың өзгеруіне қатысты әртүрлі шешімдерді алға тартады.
2016 жылы Дүниежүзілік ғылым фестивалінде (World Science Festival) сөйлеген сөзінде ол ет тұтынуды азайту арқылы табиғаттағы адам ізін қысқарту туралы айтқан. Ляо жануарлар ақуызына аллергия тудыратын технологиялар әзірлеуді ұсынды. Бұған мысал ретінде «жалғыз жұлдыз» кенесінің шағуын келтірді, бұл жағдайда адамда етке аллергиялық реакция пайда болады. Алайда қазіргі уақытта мұндай технологиялар жоқ.
«Жалғыз жұлдыз» кенесі – АҚШ-тың оңтүстік және шығыс бөліктерінде кездесетін қан соратын буынаяқтылар. Бұл кене шаққан кезде адам ағзасына альфа–гала – «галактоза-альфа-1,3-галактоза» заты енеді. Нәтижесінде қабыну реакциясы басталып, ағзада антиденелер, атап айтқанда Е немесе IgE класындағы иммуноглобулин түзіледі. Иммуноглобулин жою үшін бөгде антигендерді таниды және байланыстырады. Ол қызыл етте кездесетін альфа галаны да қауіп деп таниды. Осыған байланысты адамда құс етінен басқа, шошқа етіне, сиыр етіне, бұзау етіне және т.б. аллергия пайда болады.
Гендік инженерияға келетін болсақ, Мэттью Ляо өз сөзінде мұндай технологияға нақты мысалдар мен әзірлемелер келтірмейді. Сонымен қатар ол пікірін білдіріп, ұсыныстар айтады. Қол жетімді және сенімді дереккөздерде қолдан ет аллергиясын тудыру туралы басқа ақпарат жоқ.
Гендік инженерия, керісінше, өсімдіктерден тағамдық аллергендерді жою үшін қолданылады. Мысалы, оның көмегімен жержаңғақ пен қызанақтан аллерген компоненттер алынып тасталды. Олар сүт, соя, орман жаңғағы, моллюск пен балық сияқты жиі аллергия тудырады.
Демек, гендік инженерияны адамдардың еркіне қарсы етке аллергия тудыру үшін биологиялық қару ретінде пайдаланады деген мәлімдеме – фейк. Мұндай әзірлемелердің барын растайтын дәлелдер жоқ.