Фейк: «Электромобильдер қуаттау кезінде көп мөлшерде сәуле шығарады»
Әлеуметтік желілерде қуатталып тұрған электромобильдің жанында электромагниттік өрісті өлшеген ер адамның видеосы тарады. Өлшеу құралындағы көрсеткіштер шамадан тыс асып кетеді, ролик авторы мұндай көліктер қауіпті және оларды жүргізбеу керек деген ойға келеді. Бұл рас па? Тексерейік.
Электромагниттік сәулелену екі түрге бөлінеді – иондаушы және иондаушы емес. Сәулеленудің иондаушы емес түрлеріне жылу, көзге көрінетін жарық, радиотолқындар және сәулеленудің басқа да қауіпсіз түрлері жатады. Иондаушы сәулеленуді кейде «радиация» деп атайды. Бұл – рентген сәулелері, гамма-сәулелер және тағы басқалар.
Электромобильдер иондаушы емес сәуле шығарады. Мысалы, ас үйдегі плита, микротолқынды пеш немесе компьютер.
Электромобильдердегі сәулелену деңгейін ғалымдар зерттеп, оның қауіпсіз екенін анықтады. Мысалы, 2020 жылы электрокар салонындағы сәулелену рұқсат етілген қауіпсіз нормалардан бірнеше есе төмен екенін дәлелдеген зерттеу жарияланды.
2014 жылы жеті елдің тәуелсіз ғалымдар тобы жеті түрлі электр көлігіндегі электромагниттік сәулелену деңгейін өлшеді. Олардың біреуі сутегі, екеуі бензин, тағы бір көлік дизель отынымен жүрген. Тәжірибе нәтижелері электромобиль ішінде адам сәулеленудің рұқсат етілген қауіпсіз мөлшерінің бестен бір бөлігін алмайтынын көрсетті.
Тәжірибелерді ғалымдар ғана емес, электр көліктерінің иелері де жүргізген. Электромагниттік сәулелену деңгейін өлшеу туралы видеоларды Желіден көруге болады. Олар сәулелену тұрғысынан электр көліктерінің қауіпсіз екенін айқын көрсетеді.
Таратылған видеоға және онда көрсетілген өлшемдерге келетін болсақ, оған сенудің қажеті жоқ. Бұл өлшеулер белгісіз құрылғымен жүзеге асырылған, сондай-ақ оның көрсеткіштеріне экраннан тыс орналасқан бір құрылғы әсер етуі мүмкін.
Біз осындай өлшеулер жүргізілген видеоны жоққа шығарған болатынбыз.
Демек, тараған видео дәлелсіз. Электрокарлардан шығатын қуатты сәулелену туралы гипотезаны жоққа шығаратын зерттеулер бар.