Кіреберістегі камералар COVID-19 жұқтырған науқастарды бақылау үшін қолданылмайды
Мессенджерлерде кіреберісте камера орнатып жатқан «Қазақтелеком» АҚ қызметкерін байқап қалған әйелдің видеосы көптеп таратылуда. Оның пайымдауынша, бұл COVID-19 екінші толқыны кезінде карантин режимін сақтамаған адамдарды бақылау үшін жасалып жатыр.
Шын мәнінде, бақылау камераларын орнату жұмыстары «Қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жоба SARS-CoV-2 штаммы анықталғанға дейін 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Бағдарлама тұжырымдамасы қалалық бейнебақылау жүйесін, телекоммуникациялық технологиялар, электр қуатымен және сумен жабдықтау жүйелерін және бір-бірімен жұмыс істейтін және өзара әрекет ететін басқа да жүйелерді қамтиды. Бағдарлама қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге және ел бойынша қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған.
Қазіргі кезде «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері Қазақстан бойынша 250 мың пәтерді қамтитын 17 мың кіреберісте 33 мыңнан астам бейнекамера орнатты. Бұл ретте бейнекамералардың жазбалары тұрғындардың өздеріне де қолжетімді болады.
«Бұлтты бейнебақылау қызметі абоненттерге iOS/Android базасындағы «KT CAM» мобильдік қосымшасы және http://video.telecom.kz веб-порталы арқылы өз кіреберісіндегі оқиғаларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Мұрағаттық деректер 7 күн сақталады», – делінген акционерлік қоғамның StopFake.kz порталының сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ, жауапта компанияның камераларды орнатып, оларға техникалық қызмет қана көрсететіні айтылған. Құқық бұзушылықтар немесе індетті жұқтырғандар бойынша ешқандай статистика жүргізілмейді.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз. Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. +7 707 739 5599 WhatsApp-номеріне жазыңыздар.