Фейк: «Швецияда жүректің қабыну қаупіне байланысты вакцинаға тыйым салынды»
Қазнет пайдаланушылары Швеция билігі Moderna компаниясы өндірген COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдануды тоқтатты деп жазды. Бұл препарат жүректің қабынуын тудырып, денсаулыққа қауіп төндіреді екен. Бұл шындыққа жанаспайды.
Шын мәнінде, Швецияда Moderna вакцинасы COVID-19 жұқтырған жағдайда асқыну қаупі бар адамдарға ревакцинациялау үшін қолданылады және ұсынылады. Бұл туралы Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігінің ресми сайтында жазылған.
Сондай-ақ сайттағы ақпаратқа сәйкес Moderna вакцинасы Швецияда қол жетімді және 12-дегі және одан асқандарға арналған, бірақ Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысы бойынша оны тек 30 жастан асқан адамдар ғана ала алады. Одан жас адамдар үшін басқа өндірушілердің вакциналары қолжетімді.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, өте сирек жағдайларда Moderna препаратымен егілгеннен кейін миокардит немесе перикардит дамуы мүмкін. Алайда, көп жағдайда бұл аурулар жеңіл өтеді және ағзаға ешқандай асқынулар болмайды.
Сондай-ақ COVID-19-бен ауырғаннан кейін миокардит немесе перикардиттің болу қаупі вакцинациядан кейінгіге қарағанда бірнеше есе жоғары.
Демек, Швецияда Moderna вакцинасына тыйым салынды деген ақпарат жалған. Бұл препарат Швецияда бар. Жүрек бұлшықетінің қабынуы – вакцинацияның өте сирек кездесетін жанама әсері, ол жеңіл өтеді және тиісінше емдеген жағдайда жазылады.