Fake News

Фейк: «Әуежайлардағы металл детекторлар вакцина алған адамды анықтай алады»

Қазақстандықтар Telegram-чаттарда әуежайлардағы рамалық металл детекторлар адамның COVID-19-ға қарсы екпе алғанын анықтай алады деп жазуда. Вакцина жасатқандар өткен кезде құрылғы «шылдырлап, жарқырайды» екен. Бұл олай емес.


Қазіргі заманғы рамалық металл детекторлар импульстік индукциялық болып табылады. Сигнал құрылғыдағы электр импульстар өтетін катушкалардың көмегімен қабылданып, беріледі. Бұл магнит өрісін тудырады. Егер раманың ішіне металл зат қойса, онда заттың өзінде қарама-қарсы магнит өрісі пайда болады. Бұл катушканың шағылысқан импульсін бірнеше микросекундқа ұзағырақ етеді, бұл құрылғының іске қосылуына, яғни дыбыстық және жарық сигналдарының шығуына себеп болады.
Бұл ретте құрылғы металдан басқа материалдардан жасалған заттарға әсер етпейді. Металл детекторлар адам денсаулығының жай-күйін талдап, оның қандай дәрі қабылдағанын және қандай аурудан зардап шегетінін анықтай алмайды.
Мұны Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі растады.

– Бізде рамалық металл детекторлармен адамның вакцина алған-алмағанын анықтауға мүмкіндік беретін технология жоқ. Біздің рамалар калибрленген, олар техникалық байқаудан өтеді және тек металлдың ғана әсерін сезеді», – деді әуежайдың баспасөз хатшысы Анвар Шалекенов.

Демек, рамалық металл детекторлар вакцинацияланған адамдарды екпе алмағандардан ажырата алады деген теория негізсіз. Бүгінгі күні мұндай технология жоқ.
Бұған дейін осыған ұқсас фейкті жоққа шығарған болатынбыз. Ол кезде қазақстандықтар КВИ-ға қарсы вакциналардың құрамында ауыр металдар бар, олардың қанда болуын металл іздейтін құрылғының көмегімен анықтауға болады деген еді.

Фейк: «СOVID-19 қарсы вакциналарда адамдарды бақылауға мүмкіндік беретін ауыр металдар бар»

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button