Конспирология: «Тунгус метеориті адамдардың ДНҚ-ын өзгертті»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттарда Тунгус метеориті Жерге адамдардың ДНҚ-ын өзгерту үшін жіберілгені туралы хабарлама тарады. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында көп ұл туылуы үшін жасалған екен. Бұл теория жалған, неге екенін түсіндіріп өтейік.
Тунгус метеориті 1908 жылы 30 аусымда Сібірде Подкаменная Тунгуска өзенінің маңында Жерге құлады. Осы уақытқа дейін оның құлауы құпия болып қалуда және уфологтар ұнататын тақырыптардың бірі. Пайымдаулармен бірге метеорит құлаған соғ кратер де, аспан денесінің сынықтары қалмағаны да айтылады.
Ғалымдар бұл теорияны былай түсіндіреді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, метеорит Жер үстінде жарылған, нәтижесінде кратер емес, күйіп кеткен орман бөлігі ғана қалған. Басқалары метеорит біздің планетамызда қалған жоқ, оның атмосферасы арқылы өтіп кетті деп санайды. Сондай-ақ метеорит мұздан тұрған және Жер атмосферасынан өткен кезде еріп кетті деген теория бар.
Бұл феноменді зерттеу метеорит құлаған жерге алғашқы экспедиция ол құлағаннан кейін 13 жыл өткен соң, 1921 жылы ғана барғанымен күрделене түсті. Оны кеңестік метеоритиканың негізін қалаушы Леонид Кулик бастап барды.
Метеорит адамдардың ДНҚ-н өзгертті деген теория дәлелденбейді. Ғалымдар ДНҚ молекуласын 1953 жылы ашқан. Тиісінше, оны анықтау үшін оны зерттеу және тестілеу кейін басталды. Метеориттің адамдардың ДНҚ-н өзгерткені туралы теорияны дәлелдеу немесе жоққа шығару үшін ол құлағанға дейін және одан кейін сынақтар алып, олардың нәтижелерін салыстыру қажет. Ал бұл мүмкін емес. Тиісінше, ДНҚ-ның өзгеруі туралы теория дәлелденбейді.
Дегенмен, оған дау айтуға болады. Гипотеза авторының ойынша, адамдардың ДНҚ-ы Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында ұл көп туатындай болып өзгерген. Бұл тезисті статистика мен қарапайым арифметиканы қолдана отырып, жоққа шығаруға болады.
Тунгус метеоритінің құлауы мен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы арасындағы кезеңде әлемде жеті түрлі соғыс болған. Олардың ішінде 1914 жылдан 1918 жылға дейін созылған Бірінші дүниежүзілік соғыс, монархия құлаған Ресейдегі Азаматтық соғысы, Ирландиядағы тәуелсіздік үшін соғысы, Палестинадағы араб көтерілісі және т.б.
Сондай-ақ Тунгус метеоритінің құлауы мен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы арасындағы ұлдардың туу статистикасы өспегенін атап өткен жөн.
Мәліметтерге сәйкес, әлемде сәбилер тууы Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 1919-1920 жылдары артқан. Бұл метеориттің құлауынан емес, соғыстың аяқталуының және одан кейінгі әлеуметтік және экономикалық өзгерістер нәтижесінде болды. Ол кезде қыздарға қарағанда ұлдар біршама көп дүниеге келгені рас, бірақ бұл жаһандық үрдіс. Әдетте, жаңа туған әрбір 100 қызға 101-108 ұлдан келеді. Бұл арақатынас әрдайым болады және қазір де тіркеліп отыр.
Қыздарға қарағанда ұлдар көп дүниеге келетінін биология мен әлеуметтанудың көмегімен көп жылдан бері түсіндіріліп келеді. Ғалымдардың теориялары әртүрлі , бірақ олардың ешқайсысы Тунгус метеоритімен байланысты емес.
Метеоритті жерге белгісіз саналы тіршілік иелері жібергені де дәлелденбейді. Жер бетіндегі өмірді жасырын басқаратын дамыған өркениеттің бар екені туралы теориялар негізінен конспирологиялық және сын көтермейді.
Қорыта айтқанда, Тунгус метеориті адамдардың ДНҚ-н өзгертті деген ақпарат дәлелденбейді және онда қастандық теориясының белгілері бар. Оған сенудің қажеті жоқ.