Фейк: «Вакциналар қатерлі ісікпен сырқаттанушылықты 10 000% арттырды»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың қатерлі ісік ауруымен сырқаттанушылықты 10 000%-ға арттырғанын хабарлады. VAERS вакциналарына жағымсыз реакцияларды бақылау жүйесіндегі ашық мәліметтер бойынша соындай қорыытынды жасалған. Бұл шындыққа жанаспайды.
Бұл тұжырымның авторы – Брайан Шилхави. Ол Health Impact News жаңалықтар порталының бас редакторы және негізін қалаушы. Бұл портал – вакциналар туралы жалған ақпараттың негізгі көздерінің бірі. COVID-19 пандемиясы басталғанға дейін сайтта тұмауға қарсы вакциналардың «зияны» және арнайы агенттер жаңа туған нәрестелерді ауруханалардан ұрлап жатқандығы туралы жаңалықтар шыққан.
Пандемия басталған кезде сайтта COVID-19 қарсы вакциналар адамдардың ДНҚ-н өзгертіп, ауыр аурулар тудыратыны туралы жалған және ғылымға қарсы хабарламалар пайда бола бастады.
Мұның бәрі қазір қатерлі ісікпен сырқаттанушылықтың күрт артқаны туралы хабарламалар таратып отырған автордың пікірлері қате екендігінің белгісі.
Шын мәнінде, онкологиялық аурулар статистикасы жыл сайын артып отырғанына қарамастан, онда күрт өсім жоқ. Сонымен қатар қатерлі ісікпен ауыратындар саны бірден 10 000%-ға ұлғайғанына ешқандай дәлел жоқ. 2020 жылғы мәліметтер бойынша, әлемде шамамен 18,1 миллион адам қатерлі ісікке шалдыққан. Егер бұл көрсеткіш 10 000%-ға өссе, қазір онкологиямен ауыратын науқастар саны екі миллиардқа жуық болар еді. Яғни, әлем халқының төрттен бір бөлігі ауырады. Бақытымызға орай, бұл олай емес.
Брайан Шилхавидің болжамына негіз болған VAERS жүйесінің деректері вакциналардың қауіпсіздігі туралы нақты статистика мен тұжырымдар жасау үшін негіз бола алмайды. Бұл жүйенің сайтында айтылған.
«Есептерде толық емес, нақты емес, кездейсоқ немесе тексерілмеген ақпарат болуы мүмкін. VAERS-тегі есептердің көбі ерікті түрде жазылған, яғни олар қате болуы ықтимал», – делінген сайттағы сипаттамада.
Сондай-ақ « вакцинаның жанама әсерлері туралы есеп беру жүйесінің (VAERS) мәліметтер базасында АҚШ-та лицензияланған вакциналармен иммунизациядан кейінгі жанама әсерлер (аурулар, денсаулыққа қатысты мәселелер және/немесе белгілер) туралы тексерілмеген есептер бар. Есептер кез-келген адамнан қабылданады және сайтқа электронды түрде жіберіледі»
Вакцинация мен онкологиялық аурулардың дамуы арасында ғылыми дәлелденген байланыс жоқ. Бұл теорияны фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарды.
Сондай-ақ COVID-19 қарсы вакциналар қатерлі ісік ауруын тудырады дей келе, обыр пайда болып, оны анықтағанға дейін жылдар өтетінін айта кеткен жөн. Ғалымдардың пайымдауынша, сүт безі мен ішек қатерлі ісігі жағдайларында көбінесе ісіктер шамамен он жылдан кейін анықталады. Қуық асты безінің қатерлі ісігі жағдайында обыр ондаған жылдан кейін табылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде ісік дәрігерлер оны анықтай алатындай мөлшерге жеткенше өседі.
COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация басталғаннан бері екі жылдан аз уақыт өткенін ескерсек, вакциналар тудырған қатерлі ісік ауруы туралы айту мағынасыз.
Қорыта айтқанда, таратылатын хабарлама – фейк.