Жалған және манипуляция: «Соңғы 20 жылда барлық вакциналарға қарағанда COVID-19 қарсы вакцинадан болатын өлім-жітім көп»
Telegram мессенджерінде қолданушылар COVID-19 вакциналарынан болатын өлім-жітімнің деңгейі жоғары екендігі туралы ақпарат таратуда. Хабарламада доктор Райан Коулдың сөзі келтірілген.
«YouTube доктор Коулдың вакцинаның қауіптілігін түсіндіретін трендтік бейнесін жойды» – Telegram-да тараған хабарлама осы сөздерден басталады.
Доктор Райан Коулдың Айдахо қаласында 2021 жылдың наурыз айында түсірген видеосы YouTube-тен өшірілгені рас. Бұған себеп – вакциналар мен COVID-19 емдеу әдістері туралы жалған ақпараттың болуы. Мысалы, Коул мРНҚ вакциналары қатерлі ісік пен аутоиммундық аурулар тудырады деп мәлімдеді. Ол Factcheck.org берген сұқбатында дәлел ретінде 2018 жылыы Nature Reviews Drug Discovery журналында шыққан мақаланы келтіреді.
Алайда, бұл жарияланымда Коулдың болжамын дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Мұны мақаланың авторларының бірі, Пенсильвания Университетінің медицина доценті Норберт Парди растады.
«мРНҚ вакциналарының аутоиммунды аурулар тудыратыны туралы ғылыми дәлелдер жоқ… Соңғы 10 жыл ішінде мРНҚ вакциналарына көптеген клиникалық зерттеулер жүргізілді және олардың ешқайсысы мРНҚ-мен вакцинация аутоиммундық аурулар тудыратынын көрсеткен жоқ. Сонымен қатар, біз аутоиммундық аурудың вакцинациядан бірнеше ай өткен соң көрінетінін жеткізетін қандай да болмасын зерттеулерді білмейміз, доктор Коулдың пайымы дұрыс емес», – дейді Парди.
Вакциналар қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деген мәлімдемеге қатысты профессор Парди былай деді: «COVID-19 қарсы мРНҚ-ға вакциналары біздің ДНҚ-ны өзгертпейді, олар тез ыдырайды, сондықтан қатерлі ісік ауруының пайда болуына ықпал етпейді».
Коул өз сөзінде COVID-19 жылқыларда паразиттерді емдеу үшін қолданылатын дәрі-дәрмек ивермектинмен емдеуге болатындығын айтады.
Бұл препараттың COVID-19-ға қарсы тиімділігін ДДСҰ да, ұлттық денсаулық сақтау институттары да растамайды. Дәрі-дәрмек өндірушілерінің хабарлауынша, сондай-ақ COVID-19 жұқтырған пациенттерді емдеу үшін ивермектинді қолданудың клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы дәлелдер жоқ.
Ал «соңғы 20 жылда барлық вакциналарға қарағанда осы вакцинадан болатын өлім-жітім көп – бұл алғашқы 4-5 айда ғана» деген дәйексөзге келсек, бұл жалған ақпарат.
Вакциналардың қауіпсіздігі туралы зерттеулер ашық дереккөздерде бар. Әр түрлі елдерде COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсерлері туралы мәліметтер жинайтын бақылау жүйелері бар. Бүгінде өлім-жітімнің вакцинациямен байланысы барына дәлелдер анықталған жоқ.
Соңғы 20 жылда басқа вакциналардан болған өлім-жітіммен салыстыру манипуляция болып табылады. Ықтимал қауіпті вакциналар көп деңгейлі сынақтар кезінде алынып тасталады.