Фейк: «Өрік сүйектерінде қатерлі ісікке қарсы дәрі бар»
Әлеуметтік желілерде өрік сүйектерінен жасалатын қатерлі ісік ауруының емін талқылуда. Таратылған видеоға сәйкес, оны ХХ ғасырдың басында синтездеген, бірақ көптеген елдерде бұл қатаң құпияда сақталады, өйткені бұл бүкіл фармацевтикалық индустрияны бұзуы мүмкін. Мұның бәрі өтірік.
Шын мәнінде, өрік сүйегінен қатерлі ісікке қарсы «дәрі» синтездеген Эрнст Кребс – алаяқ. Оның медициналық білімі немесе ғылымның қандай да бір саласында ғылыми дәрежесі болған емес. Кребстің Ханнман медициналық колледжінде оқығаны белгілі. Бірінші курсты аяқтағаннан кейін оны екінші жылға қалдырған, ал екінші курстан кейін емтихан тапсыра алмай, оқудан шығарылған.
Ол «дәрі-дәрмекті» анықтау бойынша тәжірибелерін АҚШ-та құрғақ заң болған кезде елге заңсыз вискиді әкелген кәсіпорында жүргізе бастады. Кребс бурбонға арналған дәмдік қоспаларды іздеумен айналысқан. Ал бос уақытында алкоголь құйылған бөшкелерде қалыптасқан зеңмен тәжірибе жасаған. Ол одан энзимді оқшаулады, оның пікірінше, бұл ісіктермен күресуге көмектеседі. Кейін виски жеткізілімдері тоқтап, Кребс зең өсетін бөшкелерге қол жеткізе алмағанда, ол өрік сүйектерімен тәжірибе жасай бастады.
Ол әзірлеген «дәріні» бірнеше жануар мен адамдарда сынаған. Алайда, объективті түрде қатерлі ісікті емдеуде айтарлықтай әсері табылған жоқ.
Сондай-ақ Эрнст Кребс басқа да «дәрі-дәрмек» жасағанын атап өткен жөн, олардың біріне АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) ресми түрде тыйым салған. Өнертапқыш астма, көк жөтел, туберкулез және пневмония кезінде көмектеседі деп айтқан өзі жасаған «Лептинол сиропы» мүлдем пайдасыз және қауіпті деп танылған.
Қатерлі ісікке қарсы «дәріге» келетін болсақ, оның тиімділігі, жоғарыда айтылғандай, дәлелденбеген, бірақ зияны көп. Өрік сүйектерінде сілекеймен әрекеттескенде цианидке айналатын амигдалин бар. Кребстің «дәрісін» қабылдағанда адам улануы, тіпті өліп кетуі мүмкін.
Жоғарыда аталған барлық ақпаратты Желіден оңай табуға болады. Бұл Эрнст Кребстің өзі де, оның әзірлемелері де құпия емес және олар туралы айтуға тыйым салынбағанын білдіреді.
Демек, өрік сүйектерінде қатерлі ісікке қарсы дәрі бар екені туралы таратылған хабарлама – фейк.