Фейк: «Шыбынжұтты жеу адам денесінің керемет қабілеттерін ашады»
Telegram чаттарында шыбынжұтты жеу өте пайдалы, оны рационға енгізу денені барлық әлсіздіктерінен айырады және адамға жаңа мүмкіндіктер ашады деген ақпарат таратылуда. Адамдарға денені табиғи жолмен нығайтуға жол бермеу үшін бұл саңырауқұлақтардың зиянды екендігі туралы әдейі айтылады. Бұл өтірік.
Шындығында шыбынжұт түрлері көп. Олардың басым бөлігі улы, басқалары шартты түрде жеуге жарамды болып табылады. Яғни, пісіру мен тұтынудың барлық ережелерін сақтаған жағдайда, мұндай саңырауқұлақтарды жеуге болады, дегенмен улану қаупі сақталады.
Бәріміз білетін ақ дақтары бар қызыл қалпақты саңырауқұлақ Amanita muscaria немесе қызыл шыбынжұт деп аталады. Ол улы саңырауқұлақтарға жатады.
Оның құрамында мускарин, микоатропин, мүк уы сияқты улы заттар болады. Олармен қатты уалануыңыз мүмкін. Шыбынжұтпен уланудың белгілері – жүрек айну, диарея, іштің өткір ауыруы.
Қызыл шыбынжұтпен уланудың салдарынан адамның өліп кетуі екіталай. Ал, сасық шыбынжұттан немесе арамқұлақтан уланудан мұндай жағдайдың орын алуы әбден мүмкін.
Google іздеу желісінде «шыбынжұттан уланды» сұрауы бойынша осы саңырауқұлақтармен қатты улану салдарынан ауруханаға жатқызу жағдайлары туралы ақпарат көп шығады.
Бұл ретте шыбынжұтты қолдану себептері әртүрлі – біреу қызығушылықпен жеген, біреу қателескен, ал кейбіреулері олардың көмегімен иммунитетті арттыруға, тіпті қатерлі ісікті емдеуге тырысқан.
Гастроэнтеролог Алексей Парамонов The Blueprint порталының тілшілеріне берген сұхбатында шыбынжұтты қолданудың пайдасын дәлелдейтін зерттеулер жоқ деп мәлімдеді.
– Шыбынжұтты дәрілік мақсаттарда пайдалануға ғылыми негіздер жоқ. Шыбынжұттың құрамындағы улы заттарды жою үшін оны көп мөлшердегі суда ұзақ уақыт қайнатуға болатындығы рас. Бірақ классикалық фармакологияда оның құрамында сақталатын мускариннің әсеріндей жақсы зерттелген нәрсе аз. Мускарин – холинорецепторларды ынталандыратын зат. Егер шыбынжұтты аз мөлшерде жесеңіз, жүйке жүйесіне қандай да бір әсері болады. Аз мөлшерде қабылдау білінбейді, бірақ бірер уақытқа күш беруі мүмкін. Көп мөлшерде қабылдағанда адам уланады, сырттай бұл тарақандарға қарсы дәріден улануға ұқсайды: еліртеді (галлюцинация, агрессия) және басқа да елеулі жанама әсерлер пайда болады — шатасу, жөтел, қақырық шығару, сілекей шығару, жүрек айну, диарея, жүректің соғуының баяулауы және т.б.», – дейді ол.
Демек, шыбынжұттың пайдасы туралы хабарламалар – фейк. Рационға мұндай затты қосу денсаулыққа жағымды әсер етуі мүмкін деп айтуға ешқандай ғылыми негіз жоқ, бірақ бұл саңырауқұлақтармен ауыр улану жағдайлары өте көп.
Қазақстандықтар дәстүрлі емес медицина саласындағы қауіпті ұсыныстармен бұған дейін де бөлісіп келді. Біз сынапты қолдану адамның бойында левитация және телепортация қабілетін ашуы мүмкін деген фейкті жоққа шығардық.
Фейк: «Сынап ішу адамдарға емделуге, левитациялауға және телепортациялануға мүмкіндік береді»