Вьетнамнан сүйіспеншілікпен: интернет-алаяқтың құрбаны болмаудың жолы
Instagram әлеуметтік желісіндегі пабликтердің бірінде вьетнамдық «ғашық» алаяқ қызу талқылануда. Қазақстандық қыздың ғаламтор арқылы танысу жайлы оқиғасы 500-ден астам лайк пен 200 пікір жинады. Ол мұндай интернет-танысулардан аулақ болуды ескертеді және әдемі сөздерге сенбеуге шақырады.
«Маған Телеграмда Dung Wilson деген жігіт жаза бастады. Бастапқыда жай таныстық, ағылшынша сөйлестік, қызығып кеттім, ағылшын тілін де жақсартамын деп ойладым. Мені қалай таптың деп сұрағанымда, іздеу жүйесінен деп жауап берді. Содан кейін WhatsApp-қа ауыстық. Күнде жазатын, жақсы болды. Оның айтуынша, анасы – қазақ, олар Вьетнамда Хошимин қаласында тұрады. Отбасы толық, өзінен басқа ағасы мен қарындасы бар. Олар отбасы құрған, ал өзі 30 жаста» (ескерту: аударған Stopfake.kz)
Екеуі араласып жүре берді, жігіт жылы сөздер айтып, қызға сыйлық жасайтын болды. Ол Қазақстанға экспресс-поштамен алтын сағат, киім, аяқ киім, алқа мен ақша салынған үлкен қорап жібергенін хабарлайды.
«Бәрін келесі күні жеткізетіндей VIP-пакетпен жібердім дейді. Мен мекен жайымды айттым. ЖСН сұрамағаны жақсы болған екен. Оны да айтар едім».
Таңертең қыз телефон қоңырауынан оянады. Бұл – түркиялық курьер екен.
«Бейтаныс номерден біреу қоңырау шалды, +9-дан басталады, өзі ағылшынша сөйлейді, Мен ұйқылы-ояу, ештеңе түсінбедім, WhatsApp-ты ашсам, осы номерден Түркиядан курьер жазыпты. Менің сәлемдемем Түркиямен шекарада тұр, мына реквизиттер бойынша ақша жіберіңіз депті. 360 000 теңгеден артық».
Әрине, қыз мұның алдау екенін түсініп, ақшаны жібермей қояды.
Интернетте мұндай әңгімелерді көп оқуға болады. Бұл мысалдан көріп отырғанымыздай, хат алмасу арқылы шетелдік жігіттердің ырқына көніп жүргендер әлі де бар. Кейде мұндай оқиғалар жай күйзеліспен аяқталмайды. Мысалы, биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне жергілікті тұрғындардан екі өтініш келіп түскен. Екеуі де романтикалық виртуалды қарым-қатынастан кейін «күйеу жігіттеріне» ақша аударған. Әйелдердің бірі алаяққа 6 миллион теңге, екіншісі – 13 миллион теңге берген. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар ізін суытқан, телефон номерлерін өшіріп, әлеуметтік желілерден шығып кеткен. Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғады.
Шетелдік жігіттер түрлі елдердің азаматтары болып таныса береді. Әлеуметтік желілерде байланыс кейде бірнеше айға созылады. Бірақ соңында түрлі себептермен ақша жіберу ұсынылады.
Әдетте, алаяқтардың әлеуметтік желілердегі парақшаларында фотосуреттер аз әрі сапасы төмен болады. Егер ол басқа суреттерді жіберу туралы өтініштерді елемейтін болса, бұл күдік тудыруы тиіс. Сондай-ақ, олар мессенджер арқылы бейнебайланысқа шығудан бас тартады.
Сонымен қатар, ол туралы ақпаратты іздеу жүйелерінен тексеріңіз. Аты-жөнін латын әріптерімен енгізіңіз, ағылшын тіліндегі сайттарды оқу үшін кіріктірілген аудармашыны пайдаланыңыз. Алаяқ туралы мәліметтерді әйелдер ақпарат алмасатын сайттардан қараңыз. Іздеу жүйелерінде оның телефон номерін тексеріңіз. Фотосурет арқылы іздеп, оның қай жерде және қай атпен жарияланғанын көріңіз.
Ең бастысы – интернет таныстарға ақша, банк карталары мен құжаттардың деректерін жібермеңіз.