Коронавирус туралы «атышулы фильм» жайлы шындық
Желіде SARS-CoV-2 коронавирус штаммының қолдан жасалғандығы және COVID-19 пандемиясы нақты жоспарланған шара екендігі туралы баяндайтын «Жоспарлы адастыру» («Пландемическое умоповрачение») фильмі белсенді таралуда.
StopFake.kz порталы бұл мәлімдеменің неге шындыққа жанаспайтынын айтып береді.
Фильмнің авторы кім?
Фильмнің басында режиссер әрі продюсер Рикки Уиллис өзінің тәжірибелі продюсер әрі әке болғандықтан «шындықты жасыра алмайтынын» айтады. Ол тең және атқарушы продюсер ретінде 12 фильм түсірген, бес фильмге сценарий жазған, екі рет режиссер болған. Айта кетерлік жайт, оның фильмдері «КиноПоиск»-тен қарағанда нольдік немесе теріс рейтингке ие.
Рикки Уиллис фильм жасаушыдан гөрі әке ретінде танымал. 2015 жылдың тамызында ол ұлының туған күніне Ариэль қуыршағын тарту еткен видео кеңінен тарады. Кейбір пайдаланушылар оны балаға гендерлік стереотиптерді жүктемейтіні үшін мақтаса, басқалары бұл әрекеті өзгелердің қолдауына ие болып, интернет-қоғамдастықта резонанс тудырудың бір жолы деген пікірлерін айтып жатты.
Ал сарапшылар кімдер?
Фильмнің басты сарапшысы – әлеуметтік желілердегі вакцинациялауға қарсы науқанның белсенді жақтаушысы және қастандық теорияларын қолдайтын доктор Джуди Миковиц, 2009 жылы ол тышқанның ретровирусы созылмалы шаршау синдромын тудырады деген теорияны ұсынды. Оның дәлелдерінің бәрі белгілердің ұқсастығына негізделді. Ғылыми қауымдастық бұл тақырып аясында ауқымды зерттеулер жүргізіп, гипотезаны жоққа шығарды. 2011 жылы Джуди зерттеу нәтижелерін бұрмалағаны үшін Виттемор Петерсон институтынан жанжалмен шығарылды.
Фильмнің тағы бір кейіпкері – патенттер мен зияткерлік меншікті талдаумен айналысатын M-CAM компаниясының негізін қалаушы Дэвид Мартин.
Сондай-ақ, ол қастандық теорияларына қызығушылық танытады.
Фильмде не жайлы айтылады?
Қысқа метражды фильмнің басты «дәлелдері» екі аргументке негізделеді. Біріншісі – кейбір коронавирус штамдары, соның ішінде SARS-CoV-2 қолдан жасалған. Оны 2003 жылы Ауруларды бақылау орталығы берген патент растайды. АҚШ-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес, табиғи заттарды патенттеуге тыйым салынады.
Екінші аргумент – пандемия басталғанға дейін нақты жоспарланған. Бұл ретте 2019 жылдың 18 қазанында Джонс Хопкинс университеті Билл және Мелинда Гейтс Қорының және Дүниежүзілік экономикалық форумның қатысуымен өткізген «Оқиға 201» пандемиялық оқу-жаттығулары дәлел ретінде келтірілген. Фильм авторлары оқу-жаттығулар сценарийі қазіргі шынайылықпен бірдей деп мәлімдейді. Ол бойынша әлемде коронавирустық пандемия тарайды.
COVID-19 пандемиясы біреудің жоспары емес. Неге?
Біріншіден, пандемиялық оқу-жаттығулар соңғы 20 жылдың ішінде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олардың ішінде ең танымалы – «Қараңғы қыс» – шешек пандемиясына дайындық (2001 жыл), «Атлантикалық дауыл» транс-атлантикалық биотеррористік шабуыл кезіндегі іс-қимылдар (2005 жыл) және «Клэйд-Икс» – вакцинасы әлі табылмаған жаңа вирусқа арналған сценарий (2018).
Осы оқу-жаттығулардың арқасында нақты қауіп төнген жағдайда әрекет ету алгоритмдері әзірленеді.
«Оқиға 201» дәл осындай оқу-жаттығу болды. Коронавирус пандемиясы туралы сценарий коронавирустардың бұрыннан қауіпті болып саналатындықтан таңдалды, ғалымдар бұл вирустың басқалары сияқты індетке айналуы мүмкін екендігін талай рет айтқан. Қалған бөлігінде сценарий қазіргі COVID-19 пандемиясынан өзгеше. Оқу-жаттығуға сәйкес, вирус Бразилияда шыққан, әлдеқайда жұқпалы және өлім-жітім көрсеткіші аса жоғары болған, ал вакцина халықтың 90% ауырған кезде ғана әзірленді.
«Әшкерелейтін» фильмде көктемде бүкіл әлемде орын алған карантин кезіндегі кадрлармен қатар осы жаттығулардың түсірілімдері көрсетілген. Осылайша, авторлар көрерменді шатастырып, теорияларының маңыздылығын арттырмақ болған.
Неге патент вирустың қолдан жасалғандығын дәлелдемейді?
Фильмнің кейіпкері Дэвид Мартин желеу еткен патенттің 2003 жылы Қытайда SARS-CoV басталғаннан кейін берілгені рас. Спикер «бұлтартпайтын дәлелдерді» келтірген кезде экранда түрлі БАҚ-тағы тақырыптар көрсетіледі. Бірақ ол мақалаларды толығымен оқып шықсаңыз, патент беру арқылы Ауруларды бақылау орталығы барлық институттарға коронавирусты анықтау үшін вакциналар мен тест жүйелерін зерттеуге және әзірлеуге тең мүмкіндік беретініне кепілдік береді. Бұл ретте ресми патент жеке меншікті компаниялардың осы саладағы зерттеулерді монополизациялауына жол бермеу үшін қажет.
Айта кетейік, АҚШ Жоғарғы Сотының Дэвид Мартин атап өткен табиғи заттарды патенттеуге тыйым салатын қаулысы тек 2013 жылы ғана қабылданған, яғни ауруларды бақылау орталығының патентін алғаннан кейін 10 жыл өткен соң. Қолданыстағы қаулыға сәйкес, 2003 жылы ДНҚ сегменттерінің жеке бөліктерін патенттеуге рұқсат етілген. Демек, Мартиннің дәйексөзі бұл теорияны жақтағаннан гөрі жоққа шығарады.
Әлеуметтік желілер, соның ішінде Facebook, Twitter және Youtube фильмде ұсынылған ақпарат жалған және адамдарды адастырады деп шешті. Оны көпшілікке ұсынудан бас тартып, әлеуетті тиімсіз контент белгісімен белгіледі.