Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналарда қауіпті нанобөлшектер бар»

Қазнетте вакциналарда қауіпті нано-бөлшектер мен чиптер бар, адамдарды клондау басталды, ал ресми ғылым моргеллон құрттардың барын жасыратыны туралы айтылған бейнеролик таратылуда. Мұның бәрі ескі фейк.

Видео Пьер Жильбердің 1995 жылы сөйлеген сөзінен басталады. Ол болашақта вирустар қолдан жасалады, ал адамдарды сұйық кристалдар мен чиптері бар вакциналарды қабылдауға мәжбүрлейді деп айтады. Бұл өтірік.
Бұған дейін оның сөздерін фактчекерлер жоққа шығарған болатын. Біріншіден, Пьер Жильбер – балама медицинаның өкілі және вирусология немесе иммунология саласында білімі жоқ. Екіншіден, адамдар жұқтыратын вирустардың қолдан жасалатындығына ешқандай дәлел жоқ. Үшіншіден, COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында сұйық кристалдар да, наночиптер де жоқ. Бұған Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сайтында дәрі-дәрмектің құрамымен танысу арқылы көз жеткізуге болады.
Одан әрі видеода косметикада адам денсаулығына қауіпті нанобөлшектер бар екендігі туралы айтылатын жаңалықтар видеосюжеттері көрсетіледі. Адамдардың нанобөлшектерді алғаш рет ежелгі уақытта қолданғаны белгілі. Ол кезде адамдар шашын алтын нанобөлшектері бар қоспалармен бояған. Нәтижесінде түс көпке дейін сақталған. 
Нанобөлшектер әртүрлі болуы мүмкін, сондықтан олардың бәрі қауіпті деп айтуға негіз жоқ. Керісінше, косметика міндетті сертификаттаудан өтеді және оның қауіпсіз екені тексеріледі. Демек, оларды қолдану ешқандай қауіп төндірмейді.
Вакциналардағы нанобөлшектерге келетін болсақ, олар бәрінде бірдей бола бермейді. Липидті нанобөлшектер тек мРНҚ-ға негізделген вакциналарда ғана болады. Олар зиянды емес. Инъекциядан кейін бірнеше күн өткен соң олардың ыдырайтыны және адам ағзасынан толығымен шығарылатындығы дәлелденген. Олар препараттың құрамына нәзік мРНҚ молекулаларын жасушаларға жеткізу үшін қосылады, басқа ешқандай мақсат жоқ. 
Сонымен қатар видеода вакциналарда чиптер және адамның егілген-егілмегенін анықтауға мүмкіндік беретін жұмбақ люцифераза затының болатыны туралы айтқан әйелдің дауысы естілген үзінді көрсетіледі.. Мұның бәрі – біз былтыр теріске шығарған ескі фейк. COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында чиптер де, люцифераза да жоқ. 
Видео топтамасындағы тағы бір ролик адамдарды клондау туралы. Ер адам АҚШ-тағы құпия зертханаларда 1970 жылдары адамдардың егізі жасалған деп мәлімдейді. Бұл жалған. Шын мәнінде, бүгінде ғылым адамның өміршең клонын жасайтын дәрежеге жетерліктей дамымаған.  Практикалық сипаттағы мәселелерден басқа этикалық және заңдық шектеулер де бар. Яғни, адамдарды тұрақты түрде клондау қазір де, 1970-ші жылдары да мүмкін болмаған.
Соңғы видео үзіндіде ресми ғылым жасырып отырған моргеллон құрттары туралы айтылады. Шын мәнінде, ғалымдар олардың барын жасырып жүрген жоқ, олар құрттардың шынайы екеніне ешқандай дәлел таба алмауда.
Дегенмен, мамандар осы тақырып бойынша зерттеулерді жалғастыруда және олардың жұмысының нәтижелерін Желіден оңай табуға болады. Бүгінгі таңда моргеллондардың бар екеніне нақты дәлелдер жоқ.
Демек, таратылған видео – фактчекерлер мен ғалымдар бұрын жоққа шығарған ескі фейк роликтердің жиынтығы. Онда келтірілген тезистерге сенудің қажеті жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button