Интернетте хабарландыру бойынша көлік сатып алып, алаяқтарға тап болмаудың жолдары
Пайдаланылған көлікті сатып алу немесе сату әрқашан қауіпті. Бұл ретте сатып алушы да, сатушы да тәуекелге барады. Мұндай келісімдерге алаяқтар жиі араласады. Олармен кездеспеуіңіз де мүмкін – мәміле жасау толықтай онлайн режимде өтеді. Көлік сатып алу кезінде алаяқтардың құрбаны болмаудың жолы бар ма? Бұл туралы StopFake.kz-тің бүгінгі материалынан оқыңыздар.
Елордалық Айгүл осындай орын алған бір оқиға туралы бізге айтып берді. Көлік сатып алуға ақша жинаған ол kolesa.kz сайтына кіріп, көлік таңдай бастайды. Бұған бір айға жуық уақыт кетеді. Өзіне лайық темір тұлпарды тапқандай болып, оны көруге барса, біталай кемшіліктері табылады немесе көлік күрделі жөндеуді қажет етеді.
Бір күні Айгүл сайттан маркетингтік тұрғындан керемет құрастырылған жарнаманы көреді, фотосуреттері де әдемі. Сатып алушы көлікті көрсету үшін өзі келеді. Содан кейін Айгүлді өзінің техникалық қызмет көрсету станциясына апарады, ондағы мамандар көліктің жақсы күйде екенін растайды.
Айгүл біраз ойланатынын айтып, кетіп қалады. Ал кешке сатушы қоңырау шалып, көлікті басқа клиент сатып алмақ екендігін алға тартып, «сұлу келіншекке» тез арада шешім қабылдау керегін айтады.
Айгүл ақшаны төлеп, көлікті тез арада рәсімдейді. Ал бір аптадан кейін темір тұлпардың теникалық жағдайы мүлдем нашар екендігі белгілі болады. Көлік иесі оны жөндеуге тағы 1,5 миллион теңге жұмсайды. Сатушы болса, ақшаны алған соң ізін суытқан. Ол Айгүлдің номерін бұғаттап, Whatsapp-тан өшіріп тастаған.
Жиі қолданылатын алдау әрекеті
Бұл келтіріліп отырған бір ғана мысал. Бұдан асқандары да бар. Мұндай жағдайлар жиі орын алады. Көбінесе сатып алушылар көліктерін ала алмайды, сатушы алдын ала төлемді картасына аударуды сұрап, сол күйі жоғалады. Дәл осы схеманы алаяқтар жиі пайдаланады. Бұл туралы Қазақстандағы көлік сату-сатып алу туралы хабарландырулар жарияланатын ең танымал интернет-алаң – Kolesa.kz сайтының редакциясы мәлімдеді.
Егер бір тарап алдын ала төлемді картаға жіберуді сұраса, хабарландырулар сайты бұған өзі қатыспайтындықтан мұндай транзакцияны бақылап, оның алдын ала алмайды.
ҚР ІІМ мәліметтері бойынша интернет-алаяқтықтар саны бірнеше есеге артқан. Бұған карантин кезінде қазақстандықтардың онлайн сату-сатып алуды жүзеге асыруы себеп болып отыр.
kolesa.kz сайты өкілдерінің айтуынша, тергеу органдарынан интернет-алаяқтық фактілері бойынша айына 20-30 сұрау келіп түседі.
Ақшадан айырылып қалмаудың жолы
Хабарландырулар сайты алаяқтардың тұзағына түспес үшін хабар алмасуды kolesa.kz қосымшасында жүргізуге кеңес береді.
Бұл ретте пайдаланушы расталған телефон номері бойынша авторизациялануы тиіс. Өз кезегінде, бұл полицейлерге қажетті ақпаратты, соның ішінде ЖСН алуға және «цифрлық ұрыны» анықтауға көмектеседі.
Kolesa.kz тергеу органдарымен бірлесе жұмыс істейді, сондай-ақ олардың өтініші бойынша тергеуге ықпал ету және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін қолжетімді ақпарат ұсынады.
Сонымен қатар, ақшаңызды бейтаныс адамдарға олардың ниетінің дұрыстығына көз жеткізбей аудармаңыз. Банк картасының фотосуретін немесе деректерін, жеке деректер мен құжаттарды, сондай-ақ көлік құжаттарын жібермеңіз.