Фейк: «COVID-госпитальдар вакцина салдырып, өлім аузында жатқан адамдарға толы»
Қазақстандық Telegram-каналда COVID-госпитальдар КВИ-ға қарсы вакцина алған жағдайы ауыр және өлім аузында жатқан адамдарға толы екендігі туралы хабарлама пайда болды. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
Қазақстанда егілген адамдар арасында COVID-19 жұқтыру оқиғалары тіркеліп жатқаны рас. Олардың саны өте аз.
– Қазақстанда вакцина алған 3 246 795 адамның 0.05%-ы COVID-19-мен ауырған, – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Сондай-ақ, ведомстводағылар індетті жұқтыру жағдайларының көбі препараттың тек бір ғана дозасын алуға үлгергендер арасында тіркелгенін атап өтті, яғни КВИ-ге қарсы иммунитет әлі толық қалыптаспаған.
Бұған дейін вакцина салдырғандар арасында КВИ жұқтыру жағдайлары туралы жазған болатынбыз. Мұндай құбылыстар жиі бола бермейді. Мысалы, АҚШ-та ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша биылғы жылдың 21 маусымында вакцина алған адамдар арасында індетті жұқтырудың 4 115 жағдайы тіркелген. Бұл сол кезде егілген адамдардың жалпы санының 0.002% құрайды.
Бұл көрсеткіштер вакциналардың мәлімделген тиімділігіне сәйкес келеді. Pfizer/BioNTech препараты үшін ол 91%, Moderna – 94%, AstraZeneca – 74%, Спутник V – 92%, Синофарм (Hayat-Vax) – 73% құрайды.
Қорыта айтқанда, қазақстандық госпитальдар COVID-19-ға қарсы егілген өлім аузында жатқан және жағдайы ауыр науқастарға толы бола алмайды. Елде індетті жұқтырған вакцинацияланған адамдар саны өте аз.