Fake News

Фейк: «Жаңа зерттеу COVID-19-бен симптомсыз ауыратындар айналадағыларға ауру жұқтырмайтынын дәлелдейді»

Қазақстандықтар рецензияланатын The Lancet ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижелерімен бөлісуде. Онда COVID-19-бен симптомсыз ауыратындар басқаларға ауру жұқтырмайтындығы дәлелденген. Демек, карантиндік шектеулер мағынасыз болып табылады. Бұл рас па? Анықтайық.

Аталған зерттеу 2023 жылдың маусымында The Lancet журналында жарияланды. Оны Лондон императорлық колледжінің ғалымдары жүргізген. Олардың мақсаты COVID-19 жұқтырғандар вирусты қоршаған ортаға қанша уақыт және қаншалықты қатты шығаратынын анықтау болды.

Бұл үшін олар 18 бен 30 жас аралығындағы 36 сау еріктіні таңдады. Оларға келісімдері бойынша COVID-19 ауруы жұқтырылды. Оларға SARS-CoV-2 коронавирусының жабайы түрі бар мұрынға тамызатын 10-50% ерітінді тамшылары берілді.  Қатысушылар 14 күнге бір бөлмелі палаталарға орналастырылды. Күн сайын олардың мұрны мен аузынан жағындылар алынып, ПТР-тестілеу әдісімен талданды. Нәтижесінде 18 адамға COVID-19 диагнозы расталды. Еріктілердің ауыру деңгейі әр түрлі болды, жеңілден орташаға дейін.

«Ауру жұқтырған 18 қатысушыдан ауаға вирус бөлшектері бөлініп шыққан немесе қоршаған ортаны ластаған не болмаса екі жағдай да орын алған. Вирустық РНҚ ауру жұқтырғаннан кейін 3-14 күн аралығында 18 қатысушының 16-сында (89%) 252 бөлме ауасының сынамаларының 63-нде (25%) анықталды», – делінген зерттеу нәтижелерінде.

Сондай-ақ, вирустық РНҚ ауру жұқтырғандардың барлығының палаталарынан табылған.

Зерттеуде симптомсыз науқастар туралы немесе олар басқаларға ауру жұқтырмайды деп жазылмаған. Сонымен қатар зерттеуде карантиндік шаралар мағынасыз деген сөз жоқ. Керісінше, авторлар «алғашқы белгілер байқалғаннан кейін оқшауланумен бірге жиі өзін-өзі тексеру аурудың одан әрі берілуін төмендетуі мүмкін» дейді.

Демек, Қазнетте таралған ақпарат жалған. The Lancet журналының зерттеуінде симптомсыз науқастар айналадағыларға ауру жұқтырмайды және карантиндік шектеулер пайдасыз деп жазылмаған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button