Фейк: «ПТР-талдау тапсырып, мүгедек болып қалуға болады»
Қазнетте белгісіз әйелдің аудиожазбасы тарады. Оның айтуныша, ПТР тестілеу әдісі миға, ортаңғы құлаққа зақым келтіреді, адамдарды мүгедек етеді, сондай-ақ вирусты анықтауға емес, ДНҚ-ны жаппай жинау үшін қажет. Ал COVID-19-ға ПТР талдауларына арналған жиынтықтар пандемияға дейін, 2017 жылы сатып алынған екен. Мұның бәрі ескі фейк. Оларды рет-ретімен талдап шығайық.
1. ПТР талдауы кезінде биоматериал алу үшін өткір біз қолданылады.
Бұл жалған. Жұтқыншақтан жақпа алуға арналған стиктер – полиэстермен немесе вискозамен оралған өткір емес ұшы бар таяқша. Ол шырышты қабықты тырнамайды.
2. ПТР талдауын алу кезінде евстахий түтігі зақымдалады.
Бұл олай емес. Евстахий түтігі немесе есту түтіктері жұтқыншақты ортаңғы құлақпен байланыстырады. Жұтқыншақтан шырыш алған кезде, стик бұл түтікке тимейді, демек, оны зақымдамайды.
3. ПТР талдауын жүргізген кезде миды жарақаттап алуға болады
Бұл олай емес. ПТР талдауын алған кезде стикпен миға жету мүмкін емес. Өйткені, ми жұтқыншақтан бұлшықет пен фасция қабатымен, сондай-ақ бас сүйегінің негізімен бөлінген. Сонымен қатар, ми гематоэнцефалитикалық тосқауылымен қорғалған, оны ПТР тестке шырыш алуға арналған таяқшамен тесу немесе тырнау мүмкін емес. ПТР-талдауына материал алғаннан кейін ми құрамындағы цереброспинальды сұйықтықтың ағуы болған жалғыз жағдай сипатталған. Алайда, жағдайдың сипаттамасында пациентте туа біткен бас сүйегі негізінің сүйегі деформациясы болған, нәтижесінде ми тінінің бір бөлігі мұрын қуысына түскен.
4. ПТР сынақтары – бұл ДНҚ жинау
Бұл 2020 жылы Желіде таралған ескі фейк. Оны Politifact және USAToday порталдарының фактчекерлері жоққа шығарды. COVID-19-ға талдау үшін алынған тампондар геномдық секвенирлеу үшін зертханаларға жіберіледі, содан кейін алынған мәліметтерді қандай да бір қауіпті мақсаттар үшін сақтайды деп ойлауға негіз жоқ.
5. ПТР тестті жасаушы олардың инфекцияны анықтай алмайтындығын айтты.
Бұл мәлімдеме де өтірік. ПТР талдау технологиясын жасаушы Кэрри Мюллис COVID-19 және оны анықтау жолдары туралы айтқан емес. Өйткені, ол пандемия басталғанға дейін қайтыс болды және бұл ауру туралы білмеген. Оның әлеуметтік желілерде таралған ПТР технологиясының патогенді анықтай алмайтындығы туралы дәйексөзі COVID-19 қоздырғышы болып табылатын SARS-CoV-2 коронавирусына емес, АҚТҚ-ға қатысты болды.
6. Елдер ПТР талдауларына арналған жиынтықтарды 2017 жылы сатып ала бастады.
Бұл 2020 жылы теріске шығарылған ескі фейк. ПТР талдау әдісінің өзі 1993 жылы жасалған. Осы әдісті қолдана отырып, COVID-19-ға ғана емес, сонымен қатар бірқатар басқа ауруларға да талдау алуға болады. Осы талдауларды жүргізуге арналған жабдықты елдер тұрақты түрде, оның ішінде 2017 жылы да сатып алды. 2020 жылы көктемде World Integrated Trade Solution (WITS) сайтында әртүрлі инфекцияларға ПТР талдау жүргізу үшін сатып алынған жиынтықтар COVID-19-бен күресуге арналған жабдық ретінде белгіленді. Бұл жиынтықтарды сатып алуды порталдарда бақылауды жеңілдету үшін жасалды. Демек, 2017 жылы SARS-CoV-2 вирусын анықтауға арналған жиынтықтар сатып алынған жоқ. Ол кезде басқа инфекцияларды анықтайтын ПТР талдау жиынтықтары сатып алынды, олар 2020 жылы COVID-19-бен күресуге арналған жабдық ретінде белгіленді.
Қорыта айтқанда, таратылған аудио – бұл дәлелдер базасы жоқ және бұрыннан теріске шығарылған ескі фейктер жиынтығы. Бұл ақпаратқа сенудің қажеті жоқ.