Fake News

Фейк: «Жаһандық жылыну – адамдарды бақылау үшін ойдан шығарылған»

Қазнет пайдаланушылары «Гринпис» компаниясының негізін қалаушы Патрик Мур жаһандық жылыну адамдарды бақылауға және оларды заңды құқықтары мен бостандықтарынан айыруға бағытталған фейк деп мәлімдегені туралы ақпаратпен бөлісуде. Бұл олай емес.

 

Патрик Мурдың мәлімдемесі туралы «ақпарат» жаңа емес. Ол өз идеяларымен «Бір рет алдау тарихы немесе жаһандық жылыну» фильмінде бөліскен болатын. Ол климаттың өзгеруі антропогендік факторлармен және адам белсенділігімен байланысты емес, ал атмосферадағы көмірқышқыл газының деңгейі рұқсат етілген көрсеткіштерден мүлдем аспайды деп айтқан. Фильм шыққан кезде, Мур мен ұйымның басқа мүшелерінің көзқарастары әртүрлі болуына байланысты оның Гринпистен кеткеніне 21 жыл болған еді.
Мур түсіріліміне қатысқан фильмнің өзі сын тудырды. Ол алғаш рет 2007 жылдың 8 наурызында Channel 4 арнасында көрсетілді.
Кейін арна әкімшілігі редакцияға көрермендерден 265 шағым және ғалымдар тобының 176 беттен тұратын ұжымдық шағымы келіп түскенін растады. Онда фильм ғылыми фактілерді бұрмалау арқылы көпшілікті адастырады деп айтылды.  
Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы, Ұлыбританияның Антарктика қызметі, Лондон Корольдік жаратылыстану білімін жақсарту қоғамы және әлемнің жетекші университеттерінің өкілдері де фильмді сынға алды.
«Бір рет алдау немесе жаһандық жылыну тарихы» – климат ғылымы туралы білімнің қазіргі жағдайын көрсетпейді. Ұсынылған көптеген гипотезалар зерттеу барысында қарастырылып, қабылданған жоқ. Бұл деректі фильм объективтіліктен, климат ғылымын сыни тұрғыдан зерттеуден алшақ. Оның орнына, фильм ескірген, бұрыс немесе анық емес мәліметтерді ұсынып, климаттың өзгеруі туралы ғылымның шынайы түсінігін бұрмалайды және қарама – қайшы көзқарастарды қолдайды», – деп түсіндірді Австралияның климаттық және океанографиялық қоғамдастық өкілдері.
Сонымен қатар, климаттың өзгеруіне және атмосферадағы зиянды заттардың, соның ішінде көмірқышқыл газының құрамына үнемі бақылау жасалады. NASA мәліметтері бойынша, қазір CO2 деңгейі рекордтық деңгейге жетті, ол бақылау тарихында ешқашан көтерілмеген.
– Жер орбитасындағы спутниктер және басқа да технологиялық жетістіктер ғалымдарға ғаламшарымыз бен оның климаты туралы ғаламдық масштабта көптеген түрлі ақпарат жинап, үлкен көріністі көруге мүмкіндік берді. Көп жылдар бойы жиналған бұл деректер климаттың өзгеруі туралы сигналдарды анықтайды. Көмірқышқыл газы мен басқа газдардың жылуды сақтайтын табиғаты 19 ғасырдың ортасында көрсетілді. Олардың инфрақызыл энергияның атмосфера арқылы берілуіне әсер ету қабілеті көптеген NASA құралдарының ғылыми негізі болып табылады. Парниктік газдардың жоғарылауы жерді қыздыруы керек дегенге күмән жоқ», – делінген ұйымның ресми сайтында.
Сондай-ақ, парақшада мұздықтардың еруі, теңіз деңгейінің көтерілуі, теңіз суының қышқылдығының жоғарылауы және төтенше ауа райының тіркелу жиілігі туралы дәлелдер келтірілген.
Айта кетейік, қастандық теориясын жақтаушылар адамзатты басқаруға ұмтылады дейтін «Гринпис» – үкіметтік емес ұйым. Ол белгілі бір елдің бюджетінен емес, ерікті қайырымдылықтар есебінен қаржыландырылады. Гринпис заңдар шығаоып, тыйым сала алмайды. Оның ішінде ол адамдарға пластик қолдануға, көлік жүргізуге немесе ет жеуге тыйым сала алмайды. 
Қорыта айтқанда, жаһандық жылыну ойдан шығарылған деген пікір әлемдік ғылыми қауымдастық сынға алған даулы фильмге негізделгенін айта аламыз. Табиғат қорғау ұйымдары немесе басқа біреулер адамдарды бақылап, ет жеуге және жеке көліктерді пайдалануға тыйым салуды жоспарлап отыр деген болжамдарға негіз жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button