Қырғызстан фейк жаңалықтарға қарсы: Ақпараттық манипуляция туралы заң және наразылықтар
Көптеген елдерде фейк жаңалықтардың таралуына қарсы күрес жүргізіледі. Тек қабылданатын шаралар ғана әртүрлі болады. Мысалы, Қазақстанда мұндай хабарламалар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, ал Қырғызстанда ондай бап жоқ. StopFake бүгін көрші мемлекеттің билігі жалған ақпаратпен қалай күресіп жатқаны жайында әңгімелейді.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған ақпарат тарату» үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді. Айыптылар 2 жылдан 2,5 жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына тартылады немесе айыппұл салынады. Кейбір жағдайларда 2,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бірақ қылмыстық заңнамада фейк ақпарат таратқаны үшін қандай да бір жаза қарастырылмаған.
«Ақпараттық манипуляция туралы» заң жобасы
25 маусымда Жогорку Кенеш депутаттары «Ақпараттық манипуляция туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжат Президенттің қол қоюына жіберілді. Алайда, әлеуметтік желілерді қолданушылар бұл заң жобасын сөз бостандығын шектейтін құрал деп атады. Бішкекте 1000-ға жуық адам наразылық шарасына шықты.
Заң жобасына сәйкес, Интернет пайдаланушыға, сайт иесіне немесе парақшаларға жалған ақпарат таратуға тыйым салынуы мүмкін. Егер билік мұндай шешім шығарса, 24 сағаттың ішінде оны таратуды тоқтату керек. Бірақ құжатта нақты не істеу керектігі айтылмаған. Ақпаратты алып тастау керек пе, әлде осы немесе осыған ұқсас ақпаратты алдағы уақытта таратуды тоқтату керек пе?
Бұл шешімге қалай шағымдануға болады, заң жобасының авторлары мұны да нақтыламаған.
Жоба мәтіні бойынша, егер пайдаланушы тиісті мемлекеттік органның шешімін орындаудан бас тартса, билік көрсетілген ақпаратқа, сайтқа немесе ақпарат жарияланған сайттың парақшасына кіруді шектеу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл ретте парақша, сайт немесе жазба жойыла ма, әлде тек «жалған ақпарат» қана алынып тастала ма, белгісіз.
Сонымен қатар, пайдаланушы өзінің аты-жөнін, тегін және пошталық мекен жайын көрсету тиіс. Бұл билікке өзінің шешімі туралы заңды түрде хабарлауға мүмкіндік береді.
Президент заң жобасын пысықтауға қайтарды
2020 жылғы 3 тамызда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков «Ақпараттық манипуляция туралы» заң жобасына қарсылық білдіріп, қайта қарауға қайтарды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Президент осы Заңның негізгі тұжырымдамасын — әркімнің құқықтары мен бостандықтарын интернетте таратылатын шындыққа жанаспайтын және жалған ақпараттан қорғау қажеттілігін қолдай отырып, келесідей қарсылығы бар екенін жазған.
«Пікір білдіру бостандығы мен ақпарат бостандығы елдің Негізгі заңымен, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі бірқатар халықаралық және өңірлік келісімдермен кепілдік берілген негізгі адам құқықтарының бірі болып табылады және демократиялық қоғамды дамытуда басты рөл атқарады», – делінген хабарламада.
Президент атап өткендей, Қырғызстан Конституциясы азаматтарды басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндеттейді – әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге және қорғауға құқығы бар.
«Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның жаһандық пандемиясы кезеңінде кейбір адамдардың әлеуметтік желілер арқылы шындыққа жанаспайтын және жалған ақпарат таратуға бағытталған әрекеттері азаматтардың өміріне және/немесе денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және/немесе қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтіру қаупін тудырады, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтіреді», – делінген хабарламада.
Қырғызстан президенті заң редакциясын, атап айтқанда, заңды реттеудегі техникалық аспектілерді, жүзеге асыру механизмін, құқықтық қатынас субъектілерін қайта қарауға кеңес берді. Бұл үшін қоғам өкілдерін, сарапшыларды және мемлекеттік органдарды тарту ұсынылған.
«Бұл заңды адам құқықтарын, мемлекеттік саясатты, технологиялар мүмкіндіктерін және мемлекеттің орнықты дамуын ескере отырып, қайта қарауды қамтамасыз ету қажет деп санаймын. Жоғарыда айтылғандардың негізінде келісілген нұсқаны әзірлеу үшін заңды қайтарамын», – дейді Сооронбай Жээнбеков.