Fake News

Фейк: «Қытайда мектеп оқушыларының тәртібін бақылау үшін «адалдық шеңберлері» қолданылады»

Әлеуметтік желілерде Қытайда барлық оқушылар «адалдық шеңберлерін» тағады деген видеоролик тарады. Мұндай құрылғылар сабақ кезінде олардың тәртібін бақылау үшін қажет екен. «Көк түсті шеңбер – оқушының басқа нәрсеге көңіл аударып отырғанын, ақ түс – мұқият тыңдамай отырғанын» білдіреді және барлық ақпарат бірден мұғалім мен баланың ата-анасына жіберіледі. Бұл олай емес. Төменде осы шеңберлердің құрылысы мен оны Қытай мектептерінде қолдану жағдайлары туралы айтып өтеміз.

Қытайлық БАҚ-та осындай шеңберлерді қолданудың бір ғана жағдайы туралы хабарланған – оқиға 2019 жылы Чжэцзян провинциясының бастауыш мектебінде болған. Онда когнитивті оқыту технологиясын әзірлейтін BrainCo компаниясының Focus1 құрылғылары қолданылған.

Шындығында, бұл шеңбер оқушылардың сабақтағы тәртібін бақылауға арналмаған. Нейробақылау негізінде жұмыс істейтін құрылғының көмегімен оқушылар зейінін жаттықтыруды, шоғырлауды үйренеді.

Аудандық білім басқармасы өкілінің айтуынша, бұл құрылғының 50 данасын мектеп түлегі сыйға тартқан. Олар зейінді жақсарту мақсатында аптасына бір рет ата-аналардың келісімімен ғана қолданылған. Жиналған деректер ата-аналарға жіберілген жоқ, олар мектепте қалды және құпия болып саналады.

Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарында жағымсыз пікірлер айтылып, сынға ұшырағаннан кейін мектепте бұл құрылғыларды пайдалануға тыйым салынды. Мұғалімдердің пікірінше, құрылғыны қолдану кезінде балалар арасында жағымсыз реакциялар байқалмаған, ал зейіні жақсарған.

Бұдан бөлек, басқа қытай мектептерінде мұндай құрылғылардың бұрын-соңды қолданылғандығы туралы нақты ақпарат жоқ.

Сонымен қатар видеода оқушыларды сабақта бақылайтын роботтар туралы айтылады. Олар балалардың қызығушылығын және денсаулығын қадағалайды.

Видеода 2018 жылы Ханчжоу қаласындағы №11 орта мектепте іске қосылған «Ақылды көз» жүйесі жайлы айтылған болар. Жүйе сабаққа қатысуды бақылап, оқушылардың зейінін бағалау үшін ақпаратты компьютерге жіберу арқылы олардың әртүрлі мимикаларын таныған. Егер жүйе ұқыпсыз оқушыны анықтаса, бұл ақпарат мұғалімге жіберіліп отырған. Бұл ретте жүйе бейнежазба жүргізбеген, тек ішкі серверде қалған және одан әрі таратылмайтын деректерді жинаған.

Демек, Қытайда мектептерде оқушылардың тәртібін бақылау үшін «адалдық шеңберлері» қолданылады деген ақпарат – фейк. Бір ғана бастауыш мектепте зейінді шоғырландыруға және жақсартуға арналған Focus1 құрылғысы аз уақыт қолданылған. Қазір бұл құрылғылар мүлдем пайдаланылмайды.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button