Фейк: «Беделді ғылыми журналдың редакторы вакциналар адамдарды аурудан сақтамай, оларды ауруханаға жатқызуға әкеледі деп мәлімдеді»
Қазнетте беделді BMJ ғылыми журналының редакторы Питер Доши COVID-19-ға қарсы вакциналар пациенттерді аурудан қорғамай, оларды ауруханаға жатқызуға әкеледі деп мәлімдегені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы оның жақында жарияланған зерттеуінде айтылған екен. Бұл олай емес, неге екенін түсіндіріп өтейік.
Мұндай зерттеу бар. Питер Доши – оның бірнеше авторының бірі.
Ғылыми еңбекте мРНҚ платформасында жасалған вакциналарға елеулі жағымсыз реакциялар және олардың пайда болу жиілігі туралы айтылған. Доши мен оның әріптестері келтірген көрсеткіштер бұған дейін басқа мамандар келтіргеннен гөрі жоғары. Бұған қарамастан, ғылыми мақалада вакциналар адамдарды ауруханаға жатқызуға әкелетіні туралы сөз жоқ.
Айта кетейік, бұл зерттеу рецензияланбаған. Яғни, есептеу және талдау әдістері әлі ғылыми қауымдастықпен бағаланбаған және мақұлданған жоқ, сондықтан оларға толықтай сенуге болмайды.
Вакцинация нәтижесінде асқынулардың пайда болу қаупі COVID-19-дан қорғаудың пайдасынан асып түседі деп болжауға негіз жоқ. Вакциналарға болатын жағымсыз реакциялардың басым бөлігі жеңіл және қысқа уақытта басылатынын дәлелдейтін зерттеулер бар.
Осындай соңғы зерттеудің нәтижелері биыл мамыр айында Frontiers in Public Health журналында жарияланды. Зерттеуге 18 жастан асқан 1878 адам қатысты. Тәжірибе барысында ешкімде айтарлықтай жанама әсерлер болмаған. Қатысушылардың көбінде инъекция орны ауырған, қалжырау сезімі және бұлшықеттің ауыруы байқалған.
Ауруханаға жатқызу статистикасы да вакциналар адамдарды құтқармай, оларды ауруханаға жатқызуға әкеледі деген теорияға қайшы келеді. Егу науқаны басталғаннан бері COVID-19 диагнозы қойылған адамдар бұрынғыға қарағанда ауруханаларға әлдеқайда аз түседі.
Қорыта айтқанда, біріншіден, Питер Доши вакциналар адамдарды аурудан сақтамай, оларды ауруханаға жатқызуға әкеледі деп айтпаған. Оның елеулі жанама әсерлер көрсеткіші бұрын хабарланғаннан гөрі жоғары екені айтылған зерттеудің тең авторы болғаны рас. Алайда, бұл зерттеуді ғылыми қауымдастық қарамаған және мақұлдаған жоқ.