Фейк: «АҚШ Жоғарғы Соты вакцинацияланған адамдар «өнім» болып табылады деп қаулы етті»
Танымал қазақстандық Telegram-чатта пайдаланушылар АҚШ Жоғарғы Соты егілген адамдарды «өнім» деп танып, оларды адамдардың барлық құқықтарынан айырғаны туралы ақпарат таратты. Бұл жалған.
Вакцинацияланған адамдарды барлық құқықтарынан айыру туралы жаңалыққа АҚШ Жоғарғы Сотының нақты қаулысына сілтеме тіркелген. Алайда, оның COVID-19 қарсы вакцинацияға ешқандай қатысы жоқ екені бірден түсінікті. Мәселе мынада, біріншіден, шешім 2012 жылы шығарылды. Екіншіден, ол Молекулалық патология қауымдастығының Myriad Genetics, Inc-ке қарсы сот ісі негізінде шығарылды, оның тақырыбы адам гендерін патенттеу мәселесі болды.
Қаулыда «вакцина» деген сөз мүлдем жоқ. Сондай-ақ, қандай да бір дәрі-дәрмекті алған немесе белгілі бір емдеу әдістерінен өткен адамдардың құқығынан айыру туралы айтылмайды.
«Біз табиғи түрде пайда болған нуклеотидтер тізбегі өзгертілген ДНҚ-ны патенттеу мүмкіндігін қарастырмаймыз» – делінген сот қаулысында.
Мұның бәрі вакцинацияға қарсы адамдар сүйеніп отырған құжаттың вакцинацияға да, COVID-19 пандемиясына да ешқандай қатысы жоқ екенін көрсетеді. Бұл шешім пандемия басталғанға дейін 7 жыл бұрын шығарылған және онда вакциналар мен егілген адамдар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сот шешімінде екпе салдырғандар құқығынан айырылды немесе «өнім» деп танылғаны туралы сөз жоқ.