Фейк: «Вакциналарда 5G сигналдарын қабылдайтын наноантенналар бар»
Қазнетте COVID-19 қарсы вакциналар мен 5G форматындағы байланыс арасындағы байланыс туралы тағы бір теория тарады. Иммундауға арналған препараттарда антенналар бар, олар 5G сигналдарын қабылдап, адамды бірден өлтіреді екен. Мұның бәрі жалған.
Мұндай теорияларға неге сенуге болмайтынын түсіну үшін мектептегі физика курсын еске түсірейік.
Кез келген антенна қабылдайтын сигналдың толқын ұзындығына еселі болуы керек. 5G желілеріне келсек, антеннаның ұзындығы шамамен 7,1 мм болуы тиіс. Сонымен қатар жаңа буындағы байланыс форматының күрделі ұйымдастырылуына және онда қолданылатын Beam Forming технологиясына байланысты 5G антеннасы жай «таяқша» емес, микросхемалар дәнекерленген кішкентай пластик бөлігі болып табылады. Оның көлемі ұсақ монетаның көлемімен бірдей.
Яғни, оны вакцинаның құтысында жасыру мүмкін емес. Оның үстіне, бір құтыда препараттың бір емес, бірнеше адамға есептелген дозасы бар. Мысалы, Pfizer вакцинасының бір құтысына бес доза құйылған. Демек, онда бес антенна болуы керек, олай босла, құтыда вакцинаға орын қалмайды. Сондай-ақ олар көзге көрініп тұрады және оларды әдеттегі инъекциялық иненің көмегімен тері астына енгізу мүмкін емес.
5G желілері адамдар үшін аса қауіпті деген пікірді де жоққа шығару оңай. Біріншіден, жаңа форматтағы желілердің адамға зиянды екенін дәлелдейтін зерттеулер жоқ. Екіншіден, 5G желілері Еуропа, Австралия, АҚШ, Қытай, Жапония, Сингапур және Африканың кейбір елдерінде орнатылған. Технология 2021 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанда да сыналды. Желілерді іске қосумен байланысты жұмбақ өлім туралы әлемнің ешбір елінде хабарланған жоқ.
Қорыта айтқанда, таралған хабарлама – қастандық теориялары мен ғылымға қарсы тұжырымдарға негізделген жалған ақпарат.