Fake News

Фейк: «Вакциналардағы спайк-протеин ДНК-ға еніп, қатерлі ісік тудыруы мүмкін»

Қазақстандықтар Telegram-да америкалық доктор Шерри Тенпеннидің кезекті мәлімдемесін таратуда. Бұл жолы ол COVID-19 қарсы вакциналардың м-РНҚ құрамына кіретін спайк ақуыз адамның ДНҚ-на еніп, қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін деп мәлімдеді. Видеодағы осы және оның басқа да мәлімдемелерін талдап көрейік.


Алдымен, доктор Шерри Тенпенни белгілі дезинформатор екенін атап өтейік. Ол вакцинацияланған адамдарға қасық пен кілттер магниттей жабысады, сондай-ақ егілген адамдар егілмегендерге вакцина бөлшектерін «жұқтыруы» мүмкін екендігі жайлы айтқан өзінің дәрістері мен вебинарларын сатады. Мұның бәрі оның сөздеріне сенудің қажеті жоқ екенін көрсетеді.
Енді оның мәлімдемелерінде айтқан тұжырымдарға көшейік.

1. Спайк ақуыздар ДНҚ-ға еніп, жасуша құрылымын өзгертеді.
Бұл мәлімдеме бірнеше себептермен ғылымға қарсы болып табылады. Біріншіден, мРНҚ вакциналарында спайк ақуыз жоқ. Олардың құрамына жасушаны спайк ақуызын шығаруға «үйрететін», содан кейін иммундық жүйе оны танып, антиденелер қалыптастыра алатындай етіп бетіне шығаратын өзіндік «нұсқаулық» болып табылатын мРНҚ ғана кіреді.
Екіншіден, спайк ақуыз да, мРНҚ да ДНҚ-ны мүлдем өзгерте алмайды. ДНҚ вакцина компоненттері кірмейтін жасуша ядросында болады. Препарат құрамындағы мРНҚ рибосомаларға – ақуыздарды өндіруге жауап беретін жасуша органеллаларына енеді. Рибосомалар ядродан тыс орналасады және онымен байланысқа түспейді. Nucleus Medical Media-ның ресми YouTube-арнасында вакцинаның жасушалық деңгейдегі әсерін айқын көрсететін бейнеролик жарияланған, одан препараттың компоненттері адамның ДНҚ-мен ешқандай өзара әрекетке түспейтінін көруге болады.
Үшіншіден, SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызының ДНҚ-мен әрекеттесу қабілеті туралы зерттеулер тұтас және өміршең вирусқа және оған қарсы вакциналарға қатысты болды. Сонымен қатар, ғылыми қауымдастық, осы зерттеулерге сүйене отырып, спайк ақуызының адамның ДНҚ-мен әрекеттесуі екіталай деген қорытындыға келді. Осы тақырыптағы басқа зерттеулер мұндай өзара әрекеттесудің болу ықтималдығын жоққа шығарды.
2. Вакцинациялауға байланысты бүгінде терминалды кезеңдегі қатерлі ісік ауруының өсуі байқалады
Бұл мәлімдеме негізсіз және ресми мәліметтерге қайшы келеді. Біріншіден, онкологиялық аурулардың тіркелген жағдайларының саны жыл сайын артып отырғандығын түсінуіміз керек. Бұл көбінесе халықтың денсаулығының нашарлауына емес, диагностикалық әдістерді жетілдіруге байланысты. Екіншіден, статистиканың артуы онкологияны ерте кезеңдерде тіркеу кезінде байқалады, бұл пациенттерді уақытылы емдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында, ауыру жағдайларының көбеюіне қарамастан, қатерлі ісік салдарынан болатын өлім-жітім де, жаңадан анықталған терминалды кезеңдегі қатерлі ісік ауруларының саны да төмендеп келеді. АҚШ Ұлттық қатерлі ісік институтының ресми мәліметтеріне сәйкес, биыл да, былтыр да онкологиялық аурулардың статистикасында күрт өзгеріс болған жоқ. 

3. Вакциналар иммундық жүйе жасушаларын өлтіреді
Бұл тезис вакцинацияға қарсы адамдар арасында өте танымал. Алайда, ол толығымен негізсіз және онда ғалымдар зерттеу барысында алған деректер мүлдем ескерілмеген. Клиникалық сынақтар барысында да, олардан кейін де вакцинацияланған адамдардың қаны мен олардың жалпы денсаулық жағдайы бірнеше рет зерттеліп, бағаланды. Вакцинаның адамдардың иммунитетін бұзатынына ешқандай дәлел табылған жоқ.

4. Вакцинация нәтижесінде адамдар АИТВ жұқтырады
Бұл идея да вакцинацияға қарсы адамдар арасында танымал бола бастады. Оның басты дәріптеушілерінің – қастандық туралы идеялар мен жалған ақпарат тарататын THE EXPOSÉ порталы. Ғалымдардің сөзінше, Шерри Тенпенни де айтып отырған «вакциналық ЖҚТБ» сияқты ауру жоқ. COVID-19-ға қарсы егілген бес миллиардтан астам адамның арасында бүгінгі таңда вакцинациямен байланысты АИТВ жұқтырудың бірде-бір жағдайы анықталған жоқ.

Демек, Шерри Тенпеннидің таралған сөзі негізсіз, сондай-ақ жалған мәлімдемелерден және теріске шығарылған конспирологиялық теориялардан тұрады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button