Fake News

Фейк: «Металл іздейтін рамалар қатерлі ісік ауруын тудырады және ДНҚ-ны өзгертеді»

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде металл іздейтін рамалар адамдар үшін аса қауіпті екені туралы хабарлама тарады. Олар обыр жасушаларының көбеюіне әкеледі, «домалақ бездің жұмысын» және репродуктивті жүйені бұзады, ДНҚ-ны өзгертеді, сондай-ақ иммундық жүйенің жұмысына теріс ықпал етеді. Талдап көрейік.


Металл іздейтін рамалардың денсаулыққа қауіпті екенін түсіну үшін олардың жұмыс істеу принципін түсінуіміз керек. Бұл өте қарапайым. Қазіргі заманғы металл іздейтін рамалар – импульстік-индукциялық. Яғни, құрылғыда электр импульстары өтетін катушкалар бар. Соның арқасында магнит өрісі қалыптасады. Егер жұмыс істеп тұрған жақтаудың ішіне металл зат салса, онда қарама-қарсы магнит өрісі пайда болады, нәтижесінде катушканың шағылысқан импульсі бірнеше миллисекундқа ұзағырақ болады. Рамка дыбыстық сигнал шығару арқылы осыған жауап қайтарады.
Яғни, металл іздейтін рамалар рентген немесе гамма-сәулелену сияқты ықтимал қауіпті сәулелер шығармайды. 
Сондай-ақ, өмір бойы адамның айналасында электромагниттік сәулеленудің әртүрлі көздері болатынын атап өткеніміз жөн. Оған Жер планетасы мен Күн де жатады. Осылайша, металл іздейтін рамка арқылы өткендегі сәулелену мөлшері адамның күнделікті өмірде 10 минутта алған электромагниттік сәулелену мөлшерімен бірдей болады.
Металл детекторлардың қатерлі ісік, бедеулік немесе ДНҚ-ны өзгерту ықтималдығын арттыратындығын дәлелдейтін ешқандай ғылыми зерттеулер жоқ.
ДДҰ сайтында төмен жиілікті, соның ішінде металл детекторлардың жұмысы кезінде пайда болатын электромагниттік өрістерді денсаулыққа қауіпті деп санауға негіз жоқ екені жазылған.
2019 жылы ресейлік мамандар металл іздейтін рамалар қауіпті емес деп мәлімдеді. Ол кезде ата-аналар мектептерде орнатылған металл детекторлар балаларды «сәулелендіреді» деп ойлап, жанжал шығарған болатын.
Радиолог, медицина ғылымдарының кандидаты Сергей Ильялов бұл мүмкін емес екенін түсіндірді.
– Металл детектордың жұмыс істеу принципі радиотолқындарды пайдалануға негізделген, – деп түсіндірді сарапшы. – Құрылғылар рамадан өткен адамның денесінде жасырылған металл заттарды іздеуге арналған. Онда рентген сәулелері жоқ, яғни, қорқудың да қажеті жоқ. Мұндай құрылғылар қатерлі ісік ауруын тудырмайды, бұл мүмкін емес», – деді ол.
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Владимир Иваншин да осы пікірді растады, ол рамадан өту үшін бір секундтан аз уақыт керек және бұл зиян келтіре алмайды деп мәлімдеді. 
Демек, металл іздейтін рамалар денсаулыққа қауіпті деген пікірлер негізсіз. Металл детекторлардың қатерлі ісік ауруын тудыратынын немесе ДНҚ-ны өзгертетінін дәлелдейтін ешқандай ғылыми зерттеулер жоқ. Мұндай теориялар қолда бар ғылыми деректерді жоққа шығарады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button