Фейк: «КВИ қарсы вакцинаны әзірлеу мүмкін емес, өйткені иммунитет үш айға ғана сақталады»
Қазақстандықтар Telegram мессенджерінде дәрігер Алина Лушавинаның аудиожазбасымен бөлісуде. Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакциналарды жасап шығару мүмкін емес, өйткені олар ЖРВИ тудырады, ал ауруға қарсы иммунитет үш айға жетеді. Бұл жалған.
Бұл тұжырымның ғылымға қарсы болуының бірнеше себебі бар.
Біріншісі: адамға жұғатын коронавирустың жеті түрі бар. Олардың ішінде, төртеуі ЖРВИ тудырады. Қалған үшеуі – Sars-CoV-1, MERS, Sars-CoV-2 ауыр жедел респираторлық синдром, Таяу шығыс респираторлық синдромын, сәйкесінше, COVID-19 тудырады. Демек, коронавирустардың бәрі бірдей ЖРВИ қоздырғышы емес.
Екіншісі: коронавирусқа қарсы вакциналар бұған дейін жасалған. Мысалы, MERS ауруы кезінде вакцинаның арқасында оның таралуы тоқтатылды. Препарат вирус тасымалдаушысы болған түйелерге егілген. Ғалымдар бұл шараны тиімді деп таныды.
Сонымен қатар, ғалымдар Sars-CoV-1 вакцинасын жасаумен де айналысты. Препарат жануарларда сыналды, бірақ сынақтарды одан әрі жүргізуге қаржыландыру жеткіліксіз болып, оларды тоқтату туралы шешім қабылданды, оның үстіне, әлем бойынша аурудың өршуі төмендей бастаған еді.
Үшіншісі: COVID-19 ауырғаннан кейін иммунитет үш айдан артық уақытқа сақталады. Сауығып шыққан адамдарда иммунитет ауырғаннан кейін 8-9 ай өткен соң да болатынын көрсеткен зерттеулер бар.
Вакцинацияланған адамдардың қанындағы антиденелер иммунизациядан кейін алты ай өткен соң да табылған, ғалымдар ықтимал иммунитет ағзаны әлдеқайда ұзақ уақыт қорғай алатындығын мәлімдеді.
Science журналында жарияланған тағы бір зерттеу КВИ-ден сауыққаннан кейін екпе салдырған адамдарда табиғи иммунитеттен күшті және тек вакцинация нәтижесінде ғана қалыптасатын гибридті иммунитет болатынын растайды.
Қазіргі уақытта COVID-19 қарсы иммунитеттің қанша уақытқа сақталатыны туралы нақты мәліметтер жоқ, өйткені аурудың өзі адамзатқа тек 2019 жылдың соңында ғана белгілі болды, ал вакцинация 2020 жылдың соңында басталды. Дегенмен, ғалымдарда препараттардың тиімділігін растайтын деректер жеткілікті. Вакциналар шығып жатқан вирустың нұсқаларынан сенімді қорғауды қамтамасыз етуі үшін кейбір елдерде оның үшінші, үдеткіш дозасын салдыру ұсынылуда.
КВИ қарсы вакциналар әзірлеу мүмкін еместігі туралы мәлімдеменің авторына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Алина Лушавина – дәрігер-невропатолог. Ол науқастарды емдеумен қатар, қоғамдық қызметпен де белсенді айналысады. Мысалы, 2016 жылы ол «Ерік»» («Воля») саяси партиясынан Самара губерниялық Думасының депутаттығына сайланды.
Бірақ депутат бола алмады, өйткені сол 2016 жылы Ресей Жоғарғы Сотының шешімімен партия таратылды. Ресей Федерациясының Әділет министрлігі сот ісінде партия экстремистік деп танылған материалдарды таратады деп мәлімдеген. Ал төрт жыл бұрын, 2012 жылы, партияның негізін қалаушы Светлана Лада-Русь аса ірі көлемде алаяқтық жасауға қатысты деп айыпталды. Ол қашып кетіп, халықаралық іздеуге жарияланды.
«Ерік» партиясы жойылғаннан кейін оның белсенділері «Ресей Қайта өрлеу дәуірінің жалпыхалықтық одағы» (ОСВР) деп аталған жаңа бірлестік құрады. Алина Лушавина ұйымда әлеуметтік саясат және денсаулық сақтау комитетінің басшысы қызметін атқарады.
Бүгінгі таңда ОСВР желінің орыс тілді сегментіндегі фейк жаңалықтар мен қастандық теорияларының негізгі дереккөздерінің бірі болып табылады.
Былтыр желтоқсан айында Алина Лушавина Самара облысының Үкімет ғимаратында ұсталды. Белсенді COVID-19 қарсы вакциналар «Билл Гейтстен сатып алынды» және вакцинация науқанында «геноцид белгілері» бар екендігін дәлелдемек болған.
Мұның бәрі Лушавинаны вакцинацияға қарсы тұлға және қастандық теорияларын жақтаушы ретінде сипаттайды, демек, ол сенімсіз дереккөз.
Қорыта айтқанда, коронавирусқа қарсы вакцина жасау мүмкін емес деген тұжырым ғылымға қарсы. Біріншіден, бізге белгілі коронавирустардың барлығы бірдей ЖРВИ тудырмайды. Екіншіден, коронавирусқа қарсы вакциналар бұған дейін де әзірленген және MERS-ке қарсы препарат сәтті қолданылған. Үшіншіден, соңғы мәліметтер бойынша, COVID-19-бен ауырғаннан кейінгі иммунитет жазылып шыққан соң 8-9 ай өткеннен кейін де сақталады. Соңғы зерттеулерге сәйкес, вакцинацияланған адамдарда иммунитет кем дегенде алты айға дейін болады. Төртіншіден, мәлімдеме авторы вакцинацияға қарсы тұлға және фейк жаңалықтар мен жалған ақпарат тарататын ұйымға енген конспирологиялық идеяларды жақтаушы болып табылады.