Fake News

Фейк: «Лайм ауруы – бұл зертханалық тәжірибелердің нәтижесі»

Желіде кинорежиссер әрі жазушы Крис Ньюбидің видеосы тарады. Әйгілі америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында ол Лайм ауруының зертханада шығарылғанын айтқан. Өткен ғасырдың 60-жылдарында ауру зертханаларда кенелерге, ал олар арқылы адамдарға экзотикалық аурулар жұқтырылған.

Крис Ньюби Лайм ауруымен ауыратын жүздеген мың америкалықтың бірі. 2019 жылы ол «Шағылған: Лайм ауруы мен биологиялық қарудың құпия тарихы» атты кітабын шығарды. Өз жұмысында ол Лайм микробын алғаш анықтаған Вилли Бургдорфердің әңгімелеріне сүйенеді. Оның пікірінше, Лайм індеті сәтсіз әскери эксперименттен басталды.

Кенелер мен Лайм ауруы мыңдаған жылдан бері бар. 5300 жылдық мумияны тексеру бұл ауруды тудыратын бактериялардың болғанын көрсетті. Неміс дәрігері Альфред Бухвальд 130 жылдан астам уақыт бұрын созылмалы тері бөртпесін немесе ауыспалы эритеманы сипаттаған. Ол қазір Лайм ауруы ретінде белгілі.

АҚШ-та бұл ауру тек 1975 жылы ғана ресми түрде танылды. Алдымен бұл ювеналды ревматоидты артрит деп ойлады. Ал оны тудыратын бактерия Borrelia burgdorferi 1981 жылы ресми түрде жіктелді.

Лайм ауруы адамға ауру жұққан иксод кенелерінің шағуы арқылы беріледі. Дененің кене шаққан жерінде шамамен бір аптадан кейін бөртпе пайда болады. Адамның қызуы көтеріліп, басы аурады, шаршауы мүмкін. Егер ауруды емдемесе, адамның жағдайы нашарлайды. Буындары, көз нервтері ауырсынып, ұйып қалады, бет параличі басталады. Кейінгі кезеңде ірі буындар артриті және «атрофиялық акродерматит»деп аталатын тері ауруы пайда болады.

Боррелий бактерияларын тасымалдайтын кенелер АҚШ-тың басым бөлігінде кездеседі. Сондай-ақ, ауру Еуропада, Азияда, орталық және Оңтүстік-Шығыс Канадада жиі тіркеледі.
Лайм ауруымен ауыратындар саны неге артты? Бұған қатысты зерттеулер көп. Олардың бірінде себеп ретінде климаттың өзгеруі көрсетілген. Бұл кенелердің таралу аймағының кеңеюіне ықпал етті. Айта кетейік, бұрын Канадада кенелер болмайтын.
Тафтс университетінің жұқпалы аурулар және жаһандық денсаулық сақтау профессоры Сэм Телфорд Лайм ауруын тарататын кенелерді тасымалдайтын бұғы популяциясының артқанын айтады.

Оның сөзінше, ормандар да қалпына келтіріліп жатыр, әсіресе ауру көп тіркелген АҚШ-тың солтүстік-шығысында. Сонымен қатар, Телфорд қала маңының ормандарға жақындағанына назар аударады, нәтижесінде адамдар кенелермен және жабайы жануарлармен жиі байланыста болады.

АҚШ-та биологиялық қаруды әзірлеу бағдарламасы 1942 жылдан 1969 жылға дейін жұмыс істеді. Алайда ауруды тудыратын бактерия осы бағдарламаға дейін болған. Сонымен қатар сарапшылардың айтуынша, биологиялық қаруды зерттеу 1991 жылдан бері АҚШ-та Лайм ауруының екі есеге артуына себеп болмаған.

Америкалық Лайм ауруымен күрес қорының атқарушы директоры Филипп Дж. Бейкер Лайм ауруының биологиялық қарумен байланысы туралы талаптарды жоққа шығаратын егжей-тегжейлі еңбегін жазды. Ол Лайм ауруы мен оны тасымалдаушы кенелер солтүстік-шығыста еуропалықтар континентті отарлай бастағанға дейін болғанын дәлелдеді.
Солтүстік Флорида Университетінің эпидемиология және қоршаған ортаны қорғау профессоры Керри Кларк те кенелерді биологиялық қаруды жеткізу жүйесі ретінде пайдаланбаған жөн дейді. Әдетте кенелер қалалық жерлерде көбеймейді (адамдар көп шоғырланған жерлерде), баяу қоректенеді, сондықтан оларды шағып алғанға дейін байқауға болады.

Қастандық теорияларының таралғанына қарамастан, Лайм ауруы зертханалық эксперименттердің нәтижесі емес. Зерттеулер көрсеткендей, бұл ауруды тудыратын кенелер де, бактерия да АҚШ-та биологиялық қару жасау бағдарламасы пайда болғанға дейін мыңдаған жылдар бұрын болған. Ауруды жұқтыру жағдайларының көбеюінің себептері климаттың өзгеруіне, бұғылардың көбеюіне және ормандарды қалпына келтіруге байланысты. Бұл кенелердің таралуына ықпал етеді.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button