Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналарда қауіпті паразиттер жұмыртқалары бар»
Telegram-да алдымен вакцинаның үлгісін микроскоппен қарап, паразиттерді тапқан, содан кейін егілген және егілмеген адамдардың қанын талдап, вакцина алғандардың қызыл қан клеткалары бір-біріне жабысып тұрғанын анықтаған адамдардың видеосы тарады. Бұл видео фейк.
Бұл ролик Қазнетке Германиядан келді. Онда ол өткен жылдың желтоқсан айында кеңінен тараған. Оны Correctiv порталының фактчекерлері жоққа шығарды.
Олар ролик авторы Томми Деринг екенін анықтады. Ол дәрігер емес, кадрларды іріктеу жөніндегі маман. Демек, оның биоматериалдар мен вакциналарды талдау, микроскопия және зерттеу жүргізу бойынша біліктілігі жоқ.
Медицина саласындағы сарапшылар түсіндіргендей, Деринг жүргізетін талдаулар сын көтермейді және қабылданған стандарттарға сәйкес келмейді.
Роликте айналадағы заттардың беттерінің, соның ішінде микроскоптың қаншалықты стерильді және монитордағы суреттер вакциналар мен қанды зерттеу нәтижелері болғанын анықтау мүмкін емес. Бұл суреттер Интернеттен алынып, кейіннен микроскопия нәтижелері ретінде ұсынылуы ықтимал.
Вакциналардан алынған «паразиттердің» суреттері бұрын вакциналардан табылған «паразиттерге» қатты ұқсайды. Алайда, ол кезде дәрігер Конрад Штайнестел Twitter-дегі аккаунтында бұл суреттерге түсініктеме беріп, шын мәнінде ол шыныға немесе микроскоптың окулярына түскен талшықтар екенін жазды.
COVID-19 қарсы вакциналардың құрамында паразиттер жоқ. Бұған ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми сайтында жарияланған ҚР тіркелген препараттар туралы толық ақпаратпен танысып, көз жеткізуге болады.
Қан талдауына және қызыл қан клеткаларының руло – «қадаларының» қалыптасуына келетін болсақ, сарапшылар бұл тәжірибе жүргізу әдісінің дұрыс болмауымен байланысты деп түсіндіреді. Өйткені, ағзадан тыс қан ұйып қалады, яғни адамның вакцинация мәртебесіне қарамастан, мұндай әсердің болатыны сөзсіз.
Демек, видеода көрсетілген тәжірибені сенімді және бір жағдайды дәлелдейді деп санауға болмайды. Оны тиісті білімі мен дағдылары жоқ адам жүргізген, ал қан алу және талдау әдістері бұзылған. Сонымен қатар вакцина үлгісінің қайдан алынғаны және қалай сақталғаны және ролик авторының микроскоппен дәл соны қарағаны туралы мәліметтер жоқ.