Фейк: «Маймыл шешек ауруы – адамдарды үйлерінен қуып шығудың сылтауы»
Қазнет пайдаланушылары маймыл шешегі – әлем бойынша тез таралып жатқан ауру емес, адамдарды үйлерінен қуып шығудың сылтауы ғана деп жазады. Бұл туралы Ресейде шығарылған маймыл шешегінің алдын алу туралы ұсыныстарда айтылған екен. Мұның барлығы – фейк.
Бұл ұсыныстарды Роспотребнадзор осы жылдың 10 маусымында шығарған. Ұсыныстарда Ресейде маймыл шешегінің белгілері бар адамдарды анықтау бойынша шараларды күшейту; барлық мамандықтағы дәрігерлермен ақпараттық-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру; эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген адамдарға медициналық бақылауды күшейту; жедел жәрдем бригадасын дайындау; ауруханалар мен дәрігерлердің дайындығын қамтамасыз ету, оның ішінде стационарларда қажетті дәрі-дәрмек резервін қамтамасыз ету ұсынылады.
Онда Қазнет пайдаланушылары жазғандай, адамдарды үйлерінен қуып шығу және «аумақты тазарту» туралы айтылмайды.
Сонымен қатар халықаралық сарапшылар маймыл шешек ауруы бірқатар себептермен жаңа пандемияға айналмайды деп мәлімдеді. Біріншіден, маймыл шешегі COVID-19-ға қарағанда баяу таралады, екіншіден, табиғи шешекке қарсы вакциналар арқылы оны жұқтыруды болдырмауға болады, үшіншіден, бұл ауру және оның қоздырғышы зерттелген, демек, дәрігерлер науқастарға қажетті көмек көрсете алады.
Қорыта айтқанда, маймыл шешегінен қорғауды желеу етіп, адамдарды үйлерінен мәжбүрлеп шығарады деген теория негізсіз және пост авторы оны ойдан шығарған.