Әлеуметтік желілерде вакцинацияның салдары туралы фейк ақпарат таратылуда
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кейбір пайдаланушылар коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау туралы егжей-тегжейлі, бірақ сенімсіз болжамдар жасалған хабарламалар таратылуда. Біз бұл ақпаратты тармақтары бойынша талдап шықтық.
- «Алдымен барлығы егіледі. Вакциналарда нано маркерлер болады»
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін әлем халқының кем дегенде 70 пайызын вакцинациялау қажет. Ғалымдар бұл коронавирустық инфекция пандемиясын тоқтатуға көмектеседі деп санайды. Алайда, жер бетіндегі халықты бір уақытта вакцинациялау мүмкін емес, өйткені, вакцина ампулалары қажетті көлемде әлі шығарылған жоқ. Оның үстіне, коронавирусқа қарсы вакцинаны өте төмен температурада сақталуы керек. Бұл сақтау және тасымалдау үшін арнайы жағдайларды қажет етеді. Вакциналарға адамдардың бәрі бірдей сенбейді, тіпті тегін егілуге де дайын емес. Мысалы, Ұлыбританияда халықтың 64 пайызы, Америкада шамамен 50 пайызы, Ресейде – 20 пайызға жуығы, Украинада – 60% вакцина алуға әзір. Алайда, көптеген елдерде тұрғындардың басым бөлігі COVID-19 қарсы вакцинаны өз еркімен жасайды деп күтілуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды вакцинациялауға мәжбүрлемейтінін растады.
«Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі, яғни азаматтар екпе алуға өз еркімен келісім беруі тиіс», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері.
Сондай-ақ, ведомстводағылар 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте бұрынғыдай ҚР кез келген азаматының «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқығы бар нормалар сақталғанын еске салды. 16 жастағы және одан асқан балалардың профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек алудан хабардар түрде бас тартуға құқығы бар.
Вакциналарда «нано маркерлер болады» деген пікірге келетін болсақ, бұған ешқандай ғылыми дәлел жоқ. «Нано-маркерлер» сұрауы бойынша Google түрлі-түсті фломастерлермен және сурет салуға арналған маркерлермен салынған картиналарды ұсынады.
Бәлкім, бұл тұжырымның авторы ДНҚ маркерлері жайлы айтқан болар. Медициналық терминологияда мұндай анықтама бар. ДНҚ-маркерлері – бұл әр түрлі дарақтардың, тұқымдардың, сұрыптардың, сызықтардың генотиптерін салыстыру кезінде белгілі бір ген немесе хромосоманың кез келген басқа бөлігі үшін ДНҚ нуклеотидтер тізбегі деңгейінде молекулалық биология әдістерімен анықталған полиморфты белгі.
«Нано маркерлер» туралы қауесет жаңа неміс-америкалық вакциналары туралы ақпараттан шығуы мүмкін. BioNTech және Pfizer-дің BNT162b2 және Moderna-ның mRNA-1273 вакциналары кең клиникалық қолданылмайтын вакциналар тобының өкілдері болып табылады. Олардың құрамында вирустық молекула – липидті нанобөлшекке салынған матрицалық РНҚ (мРНҚ) бар. Бұл молекула адам жасушаларына еніп, вирус элементтерін шығара бастайды, осылайша дененің иммундық реакциясын тудырады.
- «Барлығына вакцинация туралы куәлік беріледі»
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-бен ауырған саяхатшыларға иммунитет паспортын беруді ұсынбайды. Бірақ вакцинацияланғандығы туралы электронды куәліктер жасау мәселелерін қарастыруда. ТАСС-тың хабарлауынша, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының сарапшысы Сиддхартха Санкар Датта «Біз COVID-19 пандемиясына жауап беру үшін технологияны қолдану мүмкіндігін мұқият зерттеп жатырмыз. Бұл вакцинациялау туралы электрондық куәліктерді енгізу саласында мүше елдермен (ДДСҰ) ынтымақтастыққа да қатысты» деп мәлімдеген. Алайда, қазіргі кезде адамға вакцинация картасын ашу тәжірибесі бар. Бұл құжатта дәрігерлер артық вакцинацияны болдырмау үшін адамға жасалған барлық егулерді тіркейді.
- «Содан кейін – электрондық паспорт»
Автор бұл мәлімдеменің қай елге қатысты екендігін айтпайды. Бірақ, мысалы, Қазақстанда жеке куәліктер 2019 жылдан бастап электрондық болып табылады. Сондай-ақ қазақстандықтар 2019 жылғы қазан айынан бастап электрондық денсаулық паспортына ие. Онда пациент туралы барлық медициналық мәліметтер жазылған.
Ал Ресейде электронды паспорттар беру жаңа 2021 жылы басталады.
Қалай болғанда да, бұл электрондық құжаттардың пайда болуының коронавирусқа ешқандай қатысы жоқ.
- «Электрондық паспортты алған кезде маңдайға және қолға штрих код қойылады», 5. «Арнайы аппаратураның көмегімен маңдайда және қолда – «жасыл» түсті штрих код жарқырайтыны көрініп тұрады. Күн ыстық болғанда немесе сәулелену кезінде бұл «жасыл штрих код» көзге көрінеді» және 6. «4-5G бағаналарының және арнайы аппаратураның көмегімен Сізді оңай табуға болады».
Осы тармақтардың барлығы бұрынғы фейктен алынған. 2012 жылдан бастап әлеуметтік желілерде медиа ібілістің белгілері, үш алтылық және маңдайдағы жасыл штрих кодтар туралы жазылып келеді.
Бұл теорияны жақтаушылар адамдарға шайтанның белгілері болып табылатын штрих-кодтар қойылатынын дәлелдеуде. Әрине, бұған нақты дәлелдер жоқ.
5G желілері арқылы вакцинацияланған адамдарды бақылауға болады деген қауесет – ғылымға қарсы және расталмаған, сондай-ақ бірнеше рет теріске шығарылды. Бұл баршаға мәлім және танымал қастандық теориясы.