Fake News

Фейк: «Билл Гейтс балалар қоспасының тапшылығын қолдан жасап отыр»

Қазнетте Билл Гейтс жасанды емшек сүтін өндіру желісін іске қосқандықтан, балалар қоспасының тапшылығын әдейі жасап отырғаны туралы ақпарат тарады. Бұл олай емес.


Билл Гейтс пен Марк Цукербергтің BioMilQ брендімен емшек сүтін өндіре бастағандары туралы мәлімдегендері рас. Алайда, бүгінгі таңда өнім әлі әзірлену үстінде, сатылымға шығарылған жоқ. Reuters ақпаратына сәйкес, өнім 3-5 жылдан кейін ғана дүкен сөрелеріне шығарылады.
Билл Гейтс, Марк Цукерберг немесе BioMilQ стартапының басқа мүшелерінің АҚШ-та орын алып отырған балалар қоспаларының тапшылығына қатысы бар деп айтуға негіз жоқ. 
Сонымен қатар, ел билігі бұл маңызды өнімнің жетіспеушілігінің себебін бірнеше рет атап айтқан болатын. Біріншіден, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы Мичигандағы Abbot зауытында өндірілген балалар қоспасының бірден бірнеше маркасын қайтарып алды. Олардың өнімдерінен нәрестелер үшін қауіпті Cronobacter sakazakii бактериясы табылған.
Екіншіден, COVID-19 пандемиясына байланысты жеткізу тізбегі бұзылды. Demographic Intelligence консалтингтік компаниясының ғылыми-зерттеу директоры Лайман Стоун Atlantic порталына түсіндіргендей, пандемия басталған кезде адамдар алдағы уақытта пайдалану үшін балалар қоспаларын жаппай сатып алып, сатылым көлемі едәуір артқан. Адамдар алдын ала сатып алынған өнімді тұтынғаннан кейін сату деңгейі төмендеді. Осы ауытқуларға байланысты өндіріс қате жоспарланған, бұл нарықта балалар қоспасының жетіспеушілігіне әкелді.
Үшіншіден, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасының кедендік реттеуіне байланысты Еуропада өндірілген көптеген қоспаларды таңбалау ережелерін сақтамағандықтан АҚШ-қа әкелуге және сатуға тыйым салынған. 
Мұның бәрі АҚШ-тағы балалар қоспаларының тапшылығы Билл Гейтс пен оның әріптестерінің әрекеті емес, бұған дейін бірнеше рет жария етілген қисынды және түсінікті себептерден туындағанын көрсетеді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button