Fake News

Ұлттық банк халықаралық төлем стандартына көшуге байланысты банк жүйесінің істен шығуына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

WhatsApp пайдаланушылары бір-біріне несие-қаржы мекемелерінің жаңа халықаралық стандартқа көшуіне байланысты Қазақстанның банк жүйесіндегі ықтимал іркілістер туралы хабарлама жіберуде. Соның салдарынан бірнеше күн бойы шоттан шотқа ақша аудару және картамен төлем жасау мүмкін болмайды екен. Хабарлама авторы қолма-қол ақша алуға кеңес береді.

ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Әлеуметтік желілерде қазақстандық банктердің ISO 20022 халықаралық төлем стандартына көшуіне байланысты жеке тұлғалардың кей төлемдерді (қолма-қолсыз есеп айырысу, қолма-қол ақша алу және т.б.) жүргізуіне шектеу қойылады деген ақпарат тарап жатыр. Ұлттық банк бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.

Қазір Ұлттық банк екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, Қазақстанның төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық стандартын енгізіп жатыр.

Бұл ретте, ISO 20022 стандартына көшу жеке тұлғалардың банк карточкаларымен төлем жасауына еш қатысы болмайды. Осылайша, халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады және ешқандай шектеу қойылмайды. Яғни, жеке тұлғалардың барлық қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлемі мен карточкамен есеп айырысуы әдеттегі стандартты режимде жүргізіле береді.

Сонымен қатар, ақпарат жүйелерін баптау қажет болғандықтан, банктер техникалық жұмыстар жүргізеді. Осыған орай банкаралық қызмет көрсетумен байланысты банктік төлемдерді қабылдау кестесінде өзгерістер болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта қаржы мекемелері өз клиенттерін жаңа стандартқа көшу аясында банктердің техникалық жұмыстарды жүргізетін уақыт мерзімі туралы алдын ала хабарлап жатыр. Ол 2024 жылғы қарашаның соңына дейін орындалады. Бұл жаңашылдық банктердің клиенттерге қаржы қызметін көрсету тәртібі мен рәсіміне өзгеріс әкелмейді», – делінген ҚР Ұлттық банкінің ресми хабарламасында.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button