Жалған: «40-тан асқан адамдарға Ибупрофен қабылдауға болмайды»
Әлеуметтік желілерде ибупрофенді 40-тан асқаннан кейін қабылдауға болмайды деген ақпарат тарады. Автор ауырсынуды басатын қабынуға қарсы препаратты куркума ұнтағымен алмастыруды ұсынады. Бұл ақпаратты Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшыларымен бірге талдап шығайық.
Хабарлама авторлары 40-тан асқан барлық адамдарды ибупрофен қабылдауды тоқтатуға шақырады. Олар пайдаланушыларды препарат жүректі улайды және жиі қолданған кезде өлімге әкелуі мүмкін деп қорқытады.
Ибупрофен стероид емес қабынуға қарсы препараттарға жатады. Осы топтағы барлық препараттар сияқты, ұзақ уақыт қабылдаған кезде жүрек-қан тамыры жүйесінде жағымсыз құбылыстар тудыруы мүмкін. Мысалы, қан қысымының жоғарылауына және артериялық гипертензияның дамуына ықпал етеді.
2014 жылы АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) стероид емес қабынуға қарсы препараттарды қолдану туралы ұсыныстар қабылдады:
* СҚҚП жөніндегі нұсқаулыққа кардиоуыттылықтың ықтимал қаупі туралы ескертулерді қосып жазу;
* ЖҚА бар пациенттерді және СҚҚП пайдалану кезінде жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі тобына жататын егде жастағы науқастарды анықтау;
* реваскуляризациядан кейін емделушілерде СҚҚП қолдануға болмайды»
* СҚҚП-ті өте аз мөлшерде және қысқа мерзім қолдану.
«Осылайша, ибупрофен, осы топтың барлық препараттары сияқты, қолайсыз жүрек-қан тамырлары жағдайларының болу қаупін арттырады. Ибупрофен осы көрсеткіш бойынша осы топтағы дәрілерден ерекшеленбейді. Қазақстандағы нұсқаулықта жүрек- қан тамырлары ауруларының қаупінің арту ықтималдығы туралы ескерту бар», – деп түсіндірді Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығындағылар.
Сарапшылардың пікірінше, препаратты 40 жастан кейін ұсыныстарды сақтай отырып қабылдауға болады:
– барынша қысқа курстармен қолдану;
– барынша аз мөлшерде (терапиялық дозалар шегінде);
– егде және кәрілік жаста қолдануға қарсы көрсетілімдер жоқ. Бірақ, барлық дерлік дәрі-дәрмек сияқты, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және егде жастағы науқастар оны сақтықпен қабылдауы керек.
Ибупрофенді куркумамен ауыстыру туралы ұсынысқа келетін болсақ, бұған еш негіз жоқ.
«Куркума дәрілік препарат ретінде әлемнің бірде-бір елінде тіркелмеген. Бұл клиникалық зерттеулердің деректері жоқ тағамдық биологиялық белсенді қоспа (ББҚ). Клиникаға дейінгі зерттеулердің жарияланған нәтижелері ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы немесе дене қызуын төмендететін қасиеттерін емес, антиоксиданттық әсерін ғана растады, Ибупрофенді куркуммен алмастыруға еш негіз жоқ», – дейді сарапшылар.