Медициналық фейктер

Дәлелсіз: «Парацетамол, спирт, сарымсақ және шұбат коронавирус жұқтырмауға көмектеседі»

Мессенджерлерде қазақстандықтар COVID-19 жұқтырмаудың жолдары айтылған дыбыстық хабарламамен бөлісуде. Автордың айтуынша, бұл ретте спирт, сарымсақ, парацетамол және шұбат көмектесе алады. Бірақ хабарламада аталған әдістердің бірде-біреуінің аурумен күресте тиімділігі дәлелденбеген.

Автор ауыз қуысын арақпен немесе спиртпен барынша жиі шаюға кеңес береді. Алайда, аурудың алдын алудың бұл әдісі тиімсіз және бәріне бірдей жарай бермейді.
Алкоголь иммундық жүйені әлсіретеді және оны вирустарға осал етеді. Сонымен қатар, алкогольдің SARS-CoV-2 коронавирусын өлтіре алмайтындығы дәлелденген, бұл туралы ДДСҰ ресми сайтында жазылған.
Тамақты шаю COVID-19 күресте профилактикалық әсер етуі мүмкін деген зерттеулердің бар екені рас, бірақ мамандар бұл үшін тұзды немесе қарапайым қайнатылған суды қолдануды ұсынады. 
Одан әрі хабарламада парацетамол ішуге кеңес беріледі. Ересектер күніне 8 таблетка, ал балалар төрт таблеткадан қабылдауы тиіс. Бұл кеңес алдын алу шарасы ретінде пайдасыз және қауіпті.
Парацетамол – әлсіз қабынуға қарсы әсері бар ауырсынуды басатын және қызуды түсіретін дәрі. Оның вирусқа қарсы қасиеттері жоқ. Парацетамолды бақылаусыз және ұзақ уақыт қолдану қауіпті болуы мүмкін. Препарат тромбоцитопения, лейкопения, панцитопения, нейтропения, агранулоцитоз және т.б. жанама әсерлер тудыруы ықтимал.
Сонымен қатар, бұл дәрі-дәрмекті бүйрек және бауыр аурулары бар адамдар сақтықпен қабылдауы тиіс. 
Парацетамолды спиртпен бірге қабылдау – қауіпті. Мұның салдарынан ауыр жағдайларда адам комаға түсуі мүмкін. 
Хабарлама авторы айтқандай, сарымсақ жеу де алдын алудың сенімді әдісі бола алмайды. Пайдалы қасиеттеріне қарамастан, ол Sars-CoV-2 вирусымен күресте тиімсіз. 
Сондай-ақ, хабарламада қазақстандықтарға түйе сүтін – шұбат ішу ұсынылады. Мұндай сусынның COVID-19 ауырғанда пайдалы екендігі туралы зерттеулер бар. Мамандар оның құрамындағы лактоферрин SARS-CoV-2 коронавирусының адам жасушасына енуіне жол бермейтінін анықтады. Алайда, бұл тұжырымдар расталмаған, ал зерттеулердің өзі шұбаттың індеттің алдын алу құралы бола алады деп мәлімдеу үшін аса ауқымды болған жоқ. 
Демек, хабарламада ұсынылған әдістердің ешқайсысы сенімді алдын алу құралы бола алмайды. Бүгінгі таңда ондай әдіс болып тек вакцинация ғана болып саналады. COVID-19 қарсы вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулермен дәлелденген.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button