Фейк: «Стэнфорд ғалымдары балалардың қаны, ағзалары мен дене мүшелері – өлместіктің кілті деп мәлімдеді»
Қазнет қолданушылары Стэнфорд университетінің ғалымдары адамдардың өлмеуінің жолын тапты деген жаңалықпен бөлісуде. Ол үшін қарт адамдарға балалардың қанын құйып, ағзалары мен дене мүшелерін ауыстырып салу керек екен. Бұл фейк.
Стэнфорд университеті «балалардың ағзаларын бөлу мен жинауды» мақұлдағаны туралы тақырыптар осы жылдың мамыр айында Natural News, Miami Standard және News Punch порталдарында жарияланды. Тәуелсіз Media Bias/Fact Check порталының мәліметтері бойынша, бұл ресурстардың ешқайсысы сенімді ақпарат көзі болып саналмайды. Олардың барлығы псевдоғылыми жаңалықтарды, қастандық теорияларын және біржақты ақпараттарды жариялайды.
Балалардың ағзаларын жинау туралы хабарламаның «түпбейнесі» Стэнфорд ғалымдары жүргізген зерттеу болды, оның нәтижелері осы жылдың 11 мамырында жарияланды. Зерттеудің түпнұсқа есебінде балалар туралы да, олардың қаны немесе мүшелері туралы да айтылмаған.
Тәжірибе барысында ғалымдар егде жастағы адамдарға жас тышқандардың жұлын сұйықтығын құйған. Нәтижелер көрсеткендей, мұндай процедурадан кейін кәрі тышқандардың есте сақтау қабілеті мен ми қызметі жақсарған. Алайда ғалымдар мұндай зерттеулерді адамдарға жүргізуге асықпайды, өйткені бұл үшін негіз жеткіліксіз және көп жылдар бойы қосымша зерттеулер жүргізу қажет. Зерттеу қалай да болмасын балалардың өлтіруге және ағзаларын заңсыз трансплантациялауға итермелейді деп айтуға ешқандай негіз жоқ.
Сонымен қатар ғалымдар жастардың қаны немесе ағзалары қартаймауға және өлмеуге септігін тигізеді деп мәлімдеген жоқ. Зерттеуде өлместік туралы мүлдем айтылмаған, өйткені бұл жұмыстың мақсаты емес еді.
Демек, Қазнетте таратылған ақпарат – ғылыми тәжірибелердің мәні мен қорытындыларын бұрмалау мен асыра сілтеуге негізделген фейк.