Фейк: «Егілген адамдардан қайтыс болғаннан кейін де Bluetooth сигналдары таралады»
Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде COVID-19-ға қарсы вакциналарда Bluetooth сигналдарын шығаратын электрондық құрылғылар бар екенін дәлелдейтін ролик жарияланды. Видеоны егжей-тегжейлі талдап, оның неге ештеңені дәлелдемейтінін түсіндіріп өтейік.
Видео кейіпкері – зиратқа келіп, лэптобы белгісіз Bluetooth сигналдарын қабылдағанын көрсеткен белсенді. Оның пікірінше, сигналдар тірі кезінде COVID-19 қарсы вакцина салдырған марқұмдардың денелерінен таралуда.
Ал бұл тұжырым расталмайды. Кем дегенде, видео авторы да, көрермендер де осы зиратқа жерленген адамдардың егілген-егілмегенін білмейді.
Енді вакцинацияланған адамдар Bluetooth сигналдарын шығарады деген теорияны толығымен жоққа шығаратын бірнеше дәлел келтіріп өтейік.
Біріншіден, бұл сигналдарды шығару немесе қабылдау үшін кез келген құрылғыда толқын ұзындығынан бірнеше еселі антенна болуы керек. Bluetooth технологиясы жағдайында оның ұзындығы шамамен 31 мм болуы тиіс. COVID-19 қарсы вакцинасы бар құтылар әдетте, бірнеше адамға есептеледі. Мысалы, Pfizer/BioNTech препараты алты дозадан тұратын құтымен шығарылады. Яғни, егер қастандық теориясына сенсек, онда құтыда әрқайсысының ұзындығы үш сантиметрлік кемінде алты антенна болуы керек. Әрине, олар бірден көзге түсіп, мұндай ингредиенттерді құпия ұстау мүмкін болмас еді. Сонымен қатар, толыққанды құрылғыда антеннадан басқа да бөлшектер болуы керек, ал оларды құтыдағы мөлдір сұйықтықта жасыру мүмкін емес және салмағы небәрі 0,3 мл болатын бір дозаға сыймайды.
Екіншіден, Bluetooth сигналдарының жер астынан шығуы екіталай, өйткені топырақ қабаты бұған айтарлықтай кедергі келтіреді. Өздеріңіз білетіндей, бөлмеаралық жұқа есіктер мен сигнал жолындағы басқа заттар оны баяулатып, әлсіретеді. Бұл видео АҚШ-та түсірілген болар, ал онда қабірлер төрт-алты фут (1,2 метрден 1,8 метрге дейін) тереңдікте қазылады және көбінесе үстінен бетон немесе мәрмәр тақталармен жабады. Осыны ескерсек, Bluetooth сигналы мұндай кедергілерді еңсере алмас еді немесе өте әлсіз болар еді.
Демек, қайтыс болған адамдардың денелері Bluetooth сигналдарын таратады деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Видеода автордың лэптобы ұстаған сигналдарға келетін болсақ, олар телефон, сымсыз құлаққаптар, смарт-сағаттар және т.б. өзінің жеке техникасынан шығуы мүмкін. Сондай-ақ, зират аумағы Bluetooth сигналдарын тарататын сыртқы бақылау камераларымен жабдықталуы ықтимал. Яғни, компьютердің сигналдарды қабылдағанында ерекше немесе мистикалық ештеңе жоқ.