Fake News

Фейк: «Эскимода жүз бен ине жасырылған»

WhatsApp мессенджерінде қазақстандықтар танымал маркалы балмұздақ-эскимода жүз бен ине жасырылғандығы көрсетілген бейнероликті таратуда. Бұл кадрларға сенуге бола ма, түсіндіріп өтейік.

Түпнұсқа видео @Sonn1c лақап аты бар пайдаланушының TikTok аккаунтынан алынды. Ролик 2021 жылғы 3 қарашада жарияланған. Онда дыбыстық аудио бар және «Kid’s, always check your Halloween candy» деп жазылған, бұл «Балалар, әрқашан Хэллоуинде ұсынылған кәмпиттерді тексеріп отырыңдар» дегенді білдіреді. 
Уланған кәмпиттер туралы қалалық аңыздарға негізделген осындай мәтіні бар видеолар мен фотосуреттер ағылшын тілді ортада танымал. 
Ол 1950 жылдары пайда болып, 1970 жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында Хэллоуиннен кейін көз жұмған бала туралы хабарланған соң кеңінен тарады. Оған сыйлаған кәмпиттердің бірінде героиннің шамадан тыс дозасы болды деп айтылды. Кейіннен кәмпиттерде героиннің болмағаны, баланың ағасы жасырған есірткіні тауып алғандығы белгілі болды. 
1974 жылы кәмпитке қосылған заттармен улану нәтижесінде бір бала қайтыс болды. Бұл осындай алғашқы және жалғыз жағдай. Ол әдейі жасалған болатын. Тергеу анықтағандай, баланың әкесі ол қайтыс болғаннан кейін ірі сақтандыру төлемін алу үшін кәмпитке улы заттар қосқан. 
Бұдан кейін мұндай жағдайлар тіркелмеген. Кәмпиттерден жүз немесе ине табылған жағдайлар туралы да хабарланған жоқ.
Дегенмен, аңыз танымал маусымдық әзілге айналды. Желіде «Kid’ s, always check your Halloween candy» деп жазылған қойылымдық фотосуреттер мен видеолар көп. Бұған, мысалы, шоколадқа жасырылған тапаншаның фотосын немесе эскимоның ішінен «табылған» шоколад пастасы түсірілген видеоны жатқызуға болады.
Сондай-ақ, TikTok-тан алынған бейнероликте балмұздақтың қаптамасы ашық болғанына назар аудару керек. Демек, автор бұл видеоны түсіру үшін жүз бен инені өзі салуы мүмкін. Сонымен қатар, осы парақшада осындай эксимоны бөліп, ішінен бөгде заттар табылмағаны туралы видеолар бар.
Қорыта айтқанда, балмұздақтан табылған жүздер туралы видеоға мән берудің қажеті жоқ. Бұл америкалық қалалық аңызға негізделген танымал мем.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button