Дәлелсіз: «Збигнев Бжезинский індет пен аштық ұйымдастырамын деп айтқан»
Қазнетте АҚШ Президенті жанындағы қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джимми Картер Збигнев Бжезинский айтты деген дәйексөз таратылуда. Ол болашақта әлемді пандемия, қаржы жүйесінің құлдырауы және аштық күтіп тұр деп мәлімдеген екен. Оның бұл туралы айтқандығына ешқандай дәлел жоқ.
Збигнев Бжезинский – белгілі саяси қайраткер. АҚШ пен КСРО арасындағы ядролық қаруға қатысты келіссөздерде басты рөл атқарған.
Бжезинский 2017 жылы қайтыс болды және өзінен кейін бай мұра қалдырған. Ол 26 кітап жазған, олардың әрқайсысын Желіден оңай табуға болады. Оның барлық еңбектері саясатқа, ұлттық қауіпсіздікке және АҚШ-тың басқа елдермен, соның ішінде Кеңес Одағымен қарым-қатынасына арналған.
Бжезинскийдің аштық, індет және қаржылық құлдырау туралы айтқан сөздерін іздеу ешқандай нәтиже бермейді. Оның кітаптарында да мұндай пассаждар жоқ. Бжезинскийдің ең танымал дәйексөздерінің онлайн-жинақтарында аштық пен індет туралы сөздер жоқ.
Бірақ Желіде Збигнев Бжезинский айтты деген кемінде екі дәйексөз тараған, бірақ бұл оның сөздері емес. Олардың бірі қазір таратылып жатқан сөзге ұқсас. Онда аштық, аурулар және әлемдік үстемдік туралы айтылған. Бжезинскийдің бұл сөздерді ешқашан айтпағанын MythDetector порталының фактчекерлері растады.
Екінші дәйексөз Ресейді жою жоспарларына қатысты. Polygraph.info фактчекинг порталы Бжезинский ешқашан бұлай айтпағанын жазды.
Қорыта келе, таратылған дәйексөз Збигнев Бжезинскийге жатпайды деуге болады. Біріншіден, бұған дейін ол айтты деген осыған ұқсас дәйексөз жалған болып шықты, екіншіден, Бжезинскийдің таратылған дәйексөзге ұқсас нәрсені айтқаны туралы еш жерде жазылмаған.