Дүниежүзілік банктің «пандемия облигациялары» COVID-19 қолдан жасалғанын дәлелдемейді
Қазақстандықтар Дүниежүзілік банктің 2017 жылы кірістілік деңгейі жоғары «пандемия облигацияларын» орналастырғаны туралы ескі жаңалықты талқылауда. Кейбіреулерінің пікірінше, бұл COVID-19 пандемиясын әлемдік үкімет баю үшін жоспарлаған деген қастандық теориясын дәлелдейді. Бұл жалған.
Айта кетейік, 2017 жылы Дүниежүзілік банктің «пандемия облигацияларын» орналастырғаны рас. Барлығы екі түрлі транш болды: біріншісі – кірістілігі 6,5% + жарты жылдық долларлық LIBOR пандемиялық тұмау және атиптік пневмония сияқты коронавирустардан туындаған ауруларды, екіншісі – кірістілігі 11,1% + LIBOR-әр түрлі безгектерді, соның ішінде Эбола індетін қамтыды. Мұның не үшін жасалғанын түсіну үшін алдымен терминологияны түсіну қажет.
«Пандемия облигациялары» дегеніміз не?
Пандемия облигациялары – бұл апаттық облигациялардың бір түрі (CAT). Бұл – табиғи апат жағдайында сақтандыру саласының компаниялары үшін ақша жинауға арналған жоғары табысты борыштық құрал. CAT облигациясы эмитентке жер сілкінісі немесе торнадо сияқты белгілі бір жағдайлар туындаған жағдайда ғана облигациядан қаражат алуға мүмкіндік береді. Егер облигациямен қорғалған оқиға сақтандыру компаниясының төлемін белсендірсе, пайыздарды төлеу және негізгі соманы төлеу міндеттемесі кейінге қалдырылады немесе толығымен кешіріледі.
CAT облигацияларының өтеу мерзімі үш жылдан бес жылға дейін. Бұл бағалы қағаздардың негізгі инвесторлары хедж-қорлар, зейнетақы қорлары және басқа институционалды инвесторлар болып табылады. Облигацияның бұл түрі алғаш рет 1990 жылдары орналастырылған.
Неге «пандемия облигациялары» пандемия басталғанға дейін орналастырылды?
Біріншіден, COVID-19 пандемиясы адамзат тарихындағы алғашқы пандемия емес. Бұған дейін оба, тырысқақ, іш сүзегі, тұмау, безгек, алапес және т.б. аурулардың пандемиясы болған.
Екіншіден, Дүниежүзілік банк 2014 жылы Эбола індеті басталғаннан кейін Төтенше шараларды қаржыландыру механизмін (PEF) құру туралы шешім қабылдады.
Неге «пандемия облигациялары» коронавирустарға қатысты?
Бұл жерде де жасыратын ештеңе жоқ. 2002-2003 жылдары SARS коронавирусынан туындаған ауыр жедел респираторлық синдромы; 2015 жылы MERS коронавирусынан туындаған таяу шығыс респираторлық синдромы; 2014 жылы Эбола індеті өршігеннен кейін коронавирустар мен әртүрлі безгек түрлерін облигациялармен «жабу» ұйғарылды.
COVID-19 пандемиясы кезінде бұл облигациялар көмектесті ме?
Иә. 2020 жылғы 27 сәуірде PEF басқармасы COVID-19 жұқтыру жағдайлары туралы хабарлаған әлемдегі ең кедей 64 ел арасында 195,84 миллион долларды бөліп беретіні туралы жариялады
2020 жылғы 27 шілдедегі жағдай бойынша COVID-19 өршуіне байланысты сақтандыру төлемінің жалпы көлемінен (195,84 млн доллар) 48 елде қабылданып жатқан шараларды қолдауға 146,5 млн доллар бағытталды. Бұл қаражат осы елдер қабылдаған COVID-19-ға қарсы іс-қимыл шараларына, соның ішінде адамдардың өмірін сақтау үшін қолданылатын негізгі және маңызды медициналық жабдықтар мен жеке қорғану құралдарын сатып алуға қосымша қаржылық қолдау болып табылады.
Дүниежүзілік банк пандемияға дейін «апаттық облигациялар» шығарды ма?
Иә. 2009 жылы банк MultiCat бағдарламасы туралы жариялады. Оның аясында осындай облигациялар шығарылған.
Қорыта айтқанда, «пандемия облигацияларын» шығару COVID-19 байланысты емес және аурудың пайда болатынын болжаған жоқ. Олардың шығарылуына бұған дейін тараған аурулардың, соның ішінде коронавирустар тудырған аурулардың өршуі себеп болды.
PEF бағдарламасының арқасында экономикасы дамып келе жатқан көптеген елдер халық арасындағы өте жоғары өлім-жітімді және ауқымды экономикалық дағдарыс қаупін азайта алды.