Манипуляция: «Вакциналардың зияны туралы 1900 жылы белгілі болған»
Қазнетте 1900 жылғы кітап мұқабасының фотосуреті таратылуда. Тақырыбынан кітапта вакциналардың зияны туралы айтылғаны және жаппай егу науқандарының қылмыс екендігінің дәлелдері келтірілгенін түсінуге болады. Бұл мәлімдемелерді талдап, неге оған сенбеу керегін түсіндіріп өтейік.
Фотосуретте көрсетілген кітап мұқабасы бар. Оның авторы – Джеймс Мартин Пиблз.
Ол газеттерде өзі шығарған эпилепсияға қарсы дәрі жарнамалай бастағанда танымал болды. Ол оны тегін ұсынып, 30 күннің ішінде науқаста құрысулар кетеді деп мәлімдеді.
Алайда, сол кездегі дәрігерлер анықтағандай, препарат 8,4% алкогольден және шамамен 22% аммиактан, сондай-ақ калий, натрий, бромид және хлоридтен тұрған. Сол уақыттағы зерттеулер бромид ұзақ уақыт қолданғанда жабығу мен галлюцинацияға әкелуі ықтимал екендігін көрсеткен.
Сонымен қатар, Пиблздің медициналық білімі туралы дипломның жалған екені анықталды. Оны АҚШ-та лицензияланбаған және мойындалмаған Филадельфия медицина және хирургия университеті берген, демек, ол сол кездегі нормалар мен стандарттарға сәйкес білім беру қызметтерін ұсынбаған.
Алайда, білімнің жетіспеушілігі Пиблзге шешекке қарсы вакцинацияға бойкот жариялауғаа шақыратын кітапшалар жасауға кедергі болмады. Ол оны бір долларға сатқан, кітапшада тексерілмеген және сенімсіз деректер жазылған. Мысалы, буклеттердің бірінде шешекке қарсы вакциналар экзема тудырады деп айтылған. Бұған ешқандай дәлел болған жоқ. Көптеген зерттеулердің талдауы экзема мен вакцинация арасында байланыс жоқ екенін растады.
Пиблздің шешекке қарсы вакцинацияны бойкоттауға шақыруы мағынасыз және қауіпті болғаны анық. Бұл ХХ ғасырда 300 миллионнан астам адамның өмірін қиған бұл ауруды жеңуге көмектескен ауқымды егу науқаны болды.
1900 жылы вакциналардың зияны туралы кітаптар жарияланғаны таңқаларлық жайт емес. Вакцинацияға қарсы адамдар қозғалысы алғашқы вакциналар пайда болған кезде, яғни XIX ғасырдың соңында құрылды. Оның үстіне, осы ағымның мүшелерінің дәлелдері іс жүзінде өзгерген жоқ. Олар әлі күнге дейін вакциналар өлімге, емделмейтін ауруларға, бедеулікке және ақыл-ойдың тежелуіне әкеледі деп мәлімдейді.
Ал вакциналардың арқасында әлемде шешек, полиомиелит, сіреспе, қызылша, паротит және басқалар сияқты аурулар толықтай дерлік жойылды.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай қорытынды жасауға болады: фотодағы кітап авторының медициналық білімі болмаған, алаяқтық жолмен диплом алған және эпилепсияға қарсы тиімсіз әрі қауіпті дәрі-дәрмекті белсенді түрде жарнамалаған. Ол өмірінде көп кітап жазған, олардың кейбіреулері шешекке қарсы вакцинацияның «қауіптілігіне» арналды. Бірақ ол ешқандай дәлел келтірмеді. Келесі жүзжылдықта екпелер пайда болғанға дейін миллиондаған адамның өмірін қиған шешекті жеңуге вакциналардың септігін тигізгені дәлелденді.