Fake News

Белгісіз біреулер: дропперлер деген кім және оларды жазалауға бола ма?

Адамдар алаяқтар мен олардың жұмыс схемалары туралы көп білген сайын, қылмыскерлер айласын соғұрлым күрделі етуде. Олар алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып қана қоймай, бөгде адамдарды тарта отырып, іздері жасыруды үйренді. Бұл адамдар – дропперлер. Олар қалай жұмыс істейді? Алаяқтарға не үшін қажет және мұндай көмекшілерді жазалауға бола ма? Бұл туралы айтып береміз.

Дропперлер деген кім?

Дропперлер – жәбірленуші мен алаяқтың арасындағы делдалдар. Кейбір схемаларда бір, кейде бірнеше дроппер болуы мүмкін. Бұл ретте нақты алаяқты анықтау қиынға соғады.

Олар не істейді?

Дропперлер алаяқтарға өз шоттарын ұсынады. Яғни, алаяқтықтың құрбаны ақшаны тікелей қылмыскерге емес, дропперге жібереді, содан кейін ол қолма-қол ақшаны ұрыларға береді немесе оны басқа делдалға аударады.

Бұл алаяқтарға не үшін қажет?

Бір немесе бірнеше дроппер қылмыскерлерге «бой тасалауға» көмектеседі. Делдалдардың шоттарына аударым жасаудың нәтижесінде полицияға нақты алаяқтарды табу және оларды жауапқа тарту қиынға соғады.

Адамдар қылмыскерлерге неге көмектеседі?

Шартты түрде дропперлерді екі үлкен санатқа бөлуге болады: адамдарды тонауға көмектесіп жүргенін білетіндер және адал еңбек етіп жүрмін деп ойлайтындар. Алғашқылар үшін қызметінің моральдық аспектілері маңызды емес. Олар үшін бастысы – уақытылы және қомақты төлем алу – оларға әр «істен» кейін соманың белгілі бір пайызы төленеді. Алаяқтар дропперлердің екінші санатын «аударымдармен жұмыс істеу» деп белгілі бір адал компанияның атынан жалдап, алдайды. Кейде алаяқтар бұл қызметтің заңдылығына сендіру үшін қызметкермен келісімшартқа қол қояды.

Бұл заңды ма?

Жоқ. Аударым жасаған адамды анықтауға тырыспай, шотыңызға себепсіз ақша алып, оны қалағаныңыздай жұмсау заңсыз болып табылады. Бұл үшін ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес жаза қарастырылған.  

Ондай адамдар жазаланды ма?

Иә. Қазақстандық БАҚ-та дропперлер сот арқылы аударған ақшасын қайтаруға міндеттелгені туралы бірнеше рет жазылды. Бұл ретте олардың ақшаны өздерін жалдаған адамдарға беріп қойғаны ескерілген жоқ. Делдалдарға алаяқтар алдаған адамдардан алған қомақты сомаларды өз қалтасынан қайтаруға тура келді.

Білмей дроппер болып қалмаудың жолдары

Интернетте шотыңыздан басқа біреуге ақша аудару немесе қолма-қол ақша алу сияқты күмәнді жұмысқа келіспеңіз. Ақшаны басқа біреуге беру үшін бейтаныс адамдардан ақша аударымдарын қабылдауға келіспеңіз. Егер күтпеген жерден қомақты қаржы келіп түссе, оның қайдан келгенін білуге тырысыңыз. Егер біреулер қоңырау шалып, ақшаны қателесіп жібергенін айтып, оны қайтаруды сұраса, олардың сөзіне сенбеңіз. Олардан көптеген банктің мобильді қосымшаларында болатын аударымды қайтару мүмкіндігін пайдалануды сұраңыз.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button