Манипуляция: «COVID-19 қарсы вакцинаның төртінші дозасы 4 апта ғана қорғайды»
Қазнет пайдаланушылары Израильде жақында ғана жүргізілген Pfizer/BioNTech вакцинасының төртінші дозасының тиімділігіне қатысты зерттеудің нәтижелерімен бөлісуде. Желіде жазылғанға сәйкес, онда препарат инфекциядан төрт апта ғана қорғайды делінген. Бұл манипуляция.
Зерттеу осы жылдың 5 сәуірінде жарияланды. Оның нәтижелері көпшілікке қол жетімді.
Биыл қаңтарда қолға алынған жоба 60 жастан асқан адамдарға арналған вакцинаның төртінші дозасының тиімділігін зерттеуге арналды. Авторлар Израильдің Денсаулық сақтау министрлігінің базасынан алынған деректерге талдау жасаған. Яғни, зерттеу ретроспективті болып табылады, яғни еріктілер оған қатыспады және зерттеушілер ақпаратты жанама түрде алды. Мұндай зерттеулер біршама бұрмалануы мүмкін, өйткені ауруды жұқтырған адамдардың барлығы бірдей медициналық мекемелерге жүгініп, ПТР-тестілеуден өтпеген. Осылайша, ғылыми жұмыста қолданылған көрсеткіштер ауру жұқтырудың нақты жағдайын толық көрсетпейді. Бұған дейін StopFake.kz порталы ретроспективті зерттеулердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасовамен сұхбаттасқан болатын.
Жібек Жолдасова: «КВИ қарсы табиғи иммунитеттің артықшылығы туралы ақпарат контексттен үзіп алынған»
Зерттеу нәтижелері бойынша: «SARS-CoV-2 инфекциясын жұқтырудың және COVID-19 ауыр ағымының расталған жағдайы BNT162b2 вакцинасының төртінші дозасынан кейін үш дозадан кейінгіге қарағанда төмен болды. Расталған инфекциядан қорғау қысқа мерзімді болды, ал ауыр аурулардан қорғуы зерттеу кезеңінде әлсіреген жоқ».
Осылайша, Израильде жүргізілген зерттеу туралы таратылған хабарламада бірден екі дәлсіздікке жол берілген. Біріншіден, бұл тек 60 жастан асқан адамдарға ғана қатысты болды. Екіншіден, инфекцияны жұқтырудан қорғау ғана қысқа мерзімді болды, ал аурудың ауыр түрінен қорғау деңгейі зерттеу барысында сақталды. Нақтырақ айтқанда, тәжірибе аяқталған соң оның ұзақтығын анықтау мүмкін болмады.