Fake News

Жібек Жолдасова: «КВИ қарсы табиғи иммунитеттің артықшылығы туралы ақпарат контексттен үзіп алынған»

Facebook әлеуметтік желісінде Израиль ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу туралы хабарлама таратылуда. Ғылыми еңбек, COVID-19 нәтижесінде алынған иммунитет екпе салдырғаннан кейін адамдарда қалыптасатын иммунитетке қарағанда 27 есе тиімді екенін дәлелдейді.

Медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасова бұл ғылыми мақаланы қалай түсінуге болатынын және оның вакцинацияның пайдасыздығын неге дәлелдемейтінін айтып берді.
Жібек Жолдасова – дәрігер-психиатр және психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау саласының үздігі, Невроздар мен Альцгеймер ауруларын емдеу орталығының басшысы. Ол ғылыми еңбектердің рецензенті және рецензиядан өтіп жатқан зерттеулердің авторы.

StopFake.kz одан ғылыми мақаланы түсіндіріп беруді сұрады. Жібек Жолдасова ең алдымен бұл еңбекте рецензияның жоқтығына назар аударуға шақырды.

«Мақаланың өзінде оның баспа болып табылатыны, яғни әлі рецензияланбағаны айтылған, сондықтан оны клиникалық тәжірибеде нұсқаулық ретінде пайдалануға болмайды», – дейді ол.

Сондай-ақ, Жібек Жолдасова әлеуметтік желілердегі жарияланымдарда айтылғандай, мақала тақырыбының жалпы COVID-19-ға қарсы вакциналардың тиімділігін анықтауға емес, Израиль азаматтары ала бастаған вакцинаның үшінші, бустерлік дозасын егудің тиімділігі мен орындылығы туралы мәселені шешуге бағытталғанын атап өтті. Медицина ғылымдарының кандидаты атап өткендей, бүгінгі таңда, препараттың үшінші дозасын алу тәжірибесі өте жоғары нәтиже көрсетуде. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегінде Nature ғылыми журналында жарияланған мақалаға сәйкес, вакцинаның үш дозасын алған адамдарда иммундауға арналған препараттың тек екі дозасын алған адамдарға қарағанда COVID-19 ауыр түрінің даму қаупі 19,5 есе төмен.

Сондай-ақ, Жібек Жолдасова мақала тақырыбында авторлар табиғи иммунитетті вакцинация нәтижесінде алынған иммунитетпен салыстыратынын атап өтті. Алайда, шын мәнінде, мақалада мұндай салыстыру жоқ. Оның орнына авторлар медициналық мекемеге жүгіну жағдайларын талдайды. Олар антиденелер деңгейін немесе иммунитет көрсеткіштерін анықтайтын басқа зерттеулерге тоқталмайды.

– Зерттеудегі бірінші сөйлемді де екі мағынада түсінуге болады. Онда COVID-19 қарсы вакциналар қоздыратын иммунитеттің әлсіреп жатқаны туралы хабарламалар тарала бастады делінген. Бұл сөйлемді вакцинаның өзі иммунитеттің төмендеуіне әкеліп соқтырады деп түсінуге болады, ал антиваксерлер мұны белсенді қолданады. Шын мәнінде, бұл сөйлемде кейбір адамдарда вакцина алған соң, сондай-ақ аурудан кейін иммунитет белгілі бір уақытқа дейін болуы мүмкін екендігі айтылған. Осы мерзім өткеннен кейін COVID-19 – ға қарсы иммунитет төмендеуі ықтимал, – деп түсіндірді Жібек Жолдасова.

Сонымен қатар, ол зерттеу әдісіне де тоқталды. Ол ретроспективті болып табылады. Демек, авторлар бір кездері COVID-19 диагнозымен медициналық көмекке жүгінген пациенттердің анонимді электрондық карталарын ғана қолданған. Зерттеудің мұндай тәсілі ғылыми болып саналғанымен, бастапқы деректердің объективтілігі мен алдын ала болжау нәтижесінде пайда болатын қателіктерге байланысты қорытындының бұрмалануына әкелуі мүмкін екенін ескеру қажет.

– Өтініштер тіркелген клиникалық жағдайларды ғана талдау керек екенін түсіну керек. Бірақ іс жүзінде біз қанша адамның ауруды қайта жұқтырғанын білмейміз, өйткені параллель ПТР тестілеуі болған жоқ және нақты инфекция жұқтырудың сенімді деңгейі анықталмаған. ПТР-талдауы ауруханаға COVID-19 деген күдікпен барғандардан ғана алынды, Бұл туралы олардың медициналық карталарында жазылған. Тек клиникалық жағдайлар ғана талданғандықтан, адам COVID-19-дың медициналық картада тіркелмеген симптомсыз немесе жеңіл түрімен ауруы мүмкін, яғни ол зерттеуде ауру жұқтырған адам ретінде ескерілмеген», – дейді медицина ғылымдарының кандидаты.

Одан әрі маман зерттеуде келтірілген көрсеткіштерге тоқталды.

– Авторлар басында зерттеу тобына вакцинаның екі дозасымен толығымен егілген және COVID-19-бен ауырмаған 673 676 адамның ауру тарихы алынды деп мәлімдейді. Екінші топқа аурудан сауыққаннан кейін вакцина алмаған адамдар кірген, олар он есе аз болған. Үшінші топқа COVID-19-дан жазылған және вакцинаның бір дозасымен егілген адамдар енген, 42 099 адам. Осыдан кейін, модельдерді талдау кезінде, авторлар белгісіз себептермен адамдар санын азайтады және бірінші модельде олар әр топтағы 16 215 адамды салыстырды деп жазады, оның үстіне қандай критерийлер бойынша іріктегендерін жазбайды, мысалы, екпе салдырған 673 мың адамнан 16 мыңын ғана таңдаған. Мұны қалай істегендері түсініксіз. Осыны міндетті түрде ескеру керек, өйткені бұл жерде пайыздар әлдеқайда төмен болады», – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, зерттеудегі деректерді талдауға назар аудару керек. Онда шілде-тамыз айларында Delta нұсқасын қайта жұқтыру жағдайлары бірлі-жарым және вакцинацияланған адамдардың жалпы санының шамамен 1,5% құрайтыны көрсетілген.

– Зерттеуде азылғандай: «Бақылау кезеңінде COVID-19 жұқтырудың 257 жағдайы тіркелді, оның ішінде 238-і егілгендер тобында және 19-ы ауырған, бірақ вакцинацияланбаған адамдар арасында болды». Егер бұл 16 215 адамның жалпы санына қатысты болса, онда бұл тек 1,5%. Яғни, адамдардың 98,5% иммунитет әлі де бар және адамдарды инфекциядан қорғауда. Яғни, бұл мақала толықтай осы 1,5% қайта жұқтыру жағдайына қатысты және абсолютті цифрлармен көрсетілмейді, – дейді Жібек Жолдасова.

Зерттеуде сипатталған екінші модель бойынша да сұрақтар туындайды. Онда бұрын ауырған және вакцина алған адамдарды салыстырған. Алайда, онда іріктелген адамдар саны өте аз – шамамен 46 мың адам. Бұған дейін мәлім етілген қатысушылардың медициналық карталар саны 673 676 болғанын ескерсек, осы модель үшін адамдарды іріктеу критерийлері түсініксіз болып қалады.

– Бұл модельде тағы да иммунитеттің төмендегені анықталған қатысушылардың 1,6% – ы туралы ғана сөз болып отыр. Алайда, бұл қалған 98,4%-да иммунитет COVID-19 ауыр түрімен ауырудан, ауруханаға жатқызу және өлім қаупінен қорғау үшін жеткілікті деңгейде сақталатынының белгісі, – дейді дәрігер.

Зерттеуде сипатталған үшінші модельде авторлар шамамен 14 мың адамның ауру тарихын сипаттайды. Онда ауырып, сауыққаннан кейін егілмеген адамдарды COVID-19 ауырған соң вакцинаның бір дозасын алған адамдармен салыстырылады. Нәтижелер ауруды қайта жұқтыру қаупі вакцинацияланған пациенттер кірген екінші топта бірнеше есеге төмен екендігін көрсетті.

– Демек, бұл мақаланы қалауынша бұрмалаған және өздеріне керегін алған. Ең маңызды жайт дәл осы № 3 модельде көрсетілген. Яғни, адам ауырса да, егілуі тиіс. Егер абсолютті көрсеткіштерді алатын болсақ, онда олар ауырған, бірақ вакцина салдырмаған адамдар арасында ауруды қайта жұқтырудың 37 жағдайы болғанын, ал сауығып шыққан соң егілгендердің саны 20 ғана болғанын көрсетеді. Айырмашылығы көрініп тұр және ол вакцинацияның пайдасына шешілді. Бұған қоса, егілмеген және ауырып жазылған пациенттер тобында бір ауруханаға жатқызу жағдайы болған, ал сауыққаннан кейін егілген адамдар кірген топта мұндай жағдай тіркелмеген, – деп түйіндеді Жібек Жолдасова.

Қорытындылай келе, ол вакцинацияның тиімділігі туралы осы немесе басқа зерттеулерді бұрыннан бар және рецензияланған ғылыми еңбектерден бөлек қарастыруға болмайтынын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, Израильде жүргізілген және осы жылдың сәуір айында жарияланған жаппай вакцинацияның тиімділігі туралы алғашқы зерттеулердің бірі екпенің екінші дозасын алғаннан кейін жеті күн өткен соң вакциналардың тиімділігі құжатталған инфекция жұқтыру жағдайларында 92% және симптоматикалық COVID-19 үшін 19% болғанын дәлелдейді. Зерттеу көрсеткендей, вакцина ауру салдарынан ауруханаға жатқызу қаупін 87%-ға, ал COVID-19 ауыр түрінің даму қаупін 92% төмендетеді.

Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде, табиғи иммунитет вакцинация нәтижесінде қалыптасқанға қарағанда әлдеқайда тиімді деген сөйлем контекстен үзіп алынған деуге болады. Бұл зерттеу адамдарды вакциналардың тиімсіздігіне сендіруге бағытталмаған. Сонымен қатар, дәл осы ғылыми еңбекте ауырғаннан кейін вакцина алу қайта жұқтыру қаупін едәуір төмендететіні айтылған, ал келтірілген көрсеткіштер жағдайлардың 98%-ында вакциналардан туындаған иммунитет ұзақ уақытқа сақталатынын және COVID-19 ауыр түрінің дамуынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғай алатанын көрсетеді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button