Fake News

Фейк: «Қытай Олимпиада ойындары кезінде геморрагиялық қызба вирусын таратты»

Әлеуметтік желілерде Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары кезінде Қытай жаңа биологиялық қару – геморрагиялық қызба вирусын таратты деген ақпарат жарияланды. Патогенді ойынға қатысқандар барлық елдерге таратады және әлемде жаңа пандемия басталады екен. Бұл жалған.


Бұл жағдайды биологиялық қарудың іске қосылғаны туралы бірінші болып хабарлаған дереккөздерді зерттеуден бастап түсіндірейік. Жаңалық NaturalNews және RedVoiceMedia порталдарында шықты. Екеуі де аса күмәнді дереккөз болып табылады, өйткені бұл платформаларда фейк-ньюс, конспирологиялық идеялар, жалған ғылыми мақалалар, насихат және дәлелденбеген мәлімдемелер шығарылады.
Биологиялық қаруды іске қосу туралы бірде-бір маңызды жаңалықтар басылымы жариялаған жоқ. Осының өзі ақпараттың дұрыс екендігіне күмән келтіреді.
Сонымен қатар, геморрагиялық қызба бірден бірнеше вирустан туындайтын бірқатар аурулардың жалпы атауы екенін айта кеткеніміз жөн. Оның ішінде, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба және т.б. түрлері бар. Бұл аурулар әр түрлі жолдармен беріледі – адамнан адамға, жәндіктердің шағуы арқылы жұғады.
Алайда, геморрагиялық қызбаның барлық дерлік түрінде инкубациялық кезең салыстырмалы түрде қысқа болады – 4 күн немесе одан артық, орта есеппен 14-21 күнге созылады. Сондай-ақ, аурудың айқын симптомдары бар – ауырсыну, дене қызуының көтерілуі, бөртпе, көз склерасы мен теріге қан кетудің пайда болуы, сондай-ақ ішкі қан кетулер.
Бейжің Олимпиадасы биыл 20 ақпанда аяқталғанын ескере отырып, ауру жұқтырған спортшылар мен олармен байланыста болған адамдар қазірдің өзінде қатты ауырып, қайтыс болар еді. Бақытымызға орай, әлемде мұндай жағдай болып жатқан жоқ, демек, жарыс кезінде ешқандай биологиялық қару шығарылмаған.
Мұндай фейктің таралуына Қытайдың солтүстік-батысында геморрагиялық қызба ошағының тіркелуі себеп болған сияқты. Былтыр желтоқсан айында бірнеше сырқаттану жағдайы тіркелді. Науқастар уақытында оқшауланып, індет одан әрі таралған жоқ.
Сонымен, жоғарыда айтылғандардың негізінде, Олимпиада ойындары кезінде жаңа биологиялық қару іске қосылғаны туралы ақпарат фейк деген қорытынды жасауға болады. Жаңалықты таратушы – өте сенімсіз порталдар және Олимпиадаға қатысқандардың ешқайсысы жарыс кезінде де, одан кейін де геморрагиялық қызба жұқтырмаған жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button