Манипуляция: «Ғалымдар жұқпалы вакциналар жасайды»
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар ғалымдар контагиозды немесе жұқпалы вакциналар жасаумен белсенді айналысуда деп жазуда. Мұндай препарат бір адамға егіледі, кейін қарым-қатынас кезінде ол басқаларға вакцинаның компоненттерін жұқтырады, осылайша ол адам келісімін бермей, егіледі. Бұл пікірді талдап шығайық және одан неге қорықпау керегін түсіндіріп өтейік.
Ғалымдардың осындай вакциналарды әзірлеп жатқаны рас. Бірақ бұл жерде бірнеше маңызды нюанс бар.
Біріншіден, бұл вакциналар Эбола безгегі, ірі қара мал туберкулезі, Ласса безгегі және т.б. сияқты қауіпті аурулардың қоздырғышы болып табылатын жануарларға арналған. Мұндай препаратпен адамдарды вакцинациялау бойынша мәселе қарастырылып отырған жоқ. Мұндай вакциналармен адамдарды COVID-19-ға қарсы иммундау жоспарда жоқ.
Екіншіден, бұл технология әзірге әзірлеу сатысында. Сондықтан мұндай препараттарды қолдану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы айтуға әлі ерте.
Үшіншіден, көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда адамдарды олардың келісімінсіз вакцинациялау заңға қайшы. Атап айтқанда, елімізде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске» сәйкес елдің әрбір азаматы «емделуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге хабардар етілген келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы.
Демек, әлеуметтік желілерде таралған жұқпалы вакциналар туралы ақпарат манипуляциялық сипатқа ие. Мұндай препараттардың әзірленіп жатқанына қарамастан, оларды қолдану туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ және олар адамдарға емес, жануарларға арналған.