Fake News

EXPO павильоны ғимаратында Z әрпіне ұқсайтын символ не үшін жазылған

Әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласындағы EXPO кешені басты павильонының фотосуреттері таратылуда. Пайдаланушылар ғимаратта жарқырап тұрған Z әрпіне ұқсайтын белгілерді байқаған. Кейбіреулерінің пікірінше, бұл Украинадағы оқиғаларға байланысты, өйткені мұндай символды сол елде орналасқан ресейлік әскери техникадан көруге болады.


Шын мәнінде, EXPO павильонының суреттеріндегі символдың Украинаға да, Ресейге де ешқандай қатысы жоқ.
Бұл символ жұлдыздар мен квадраттарды ұлғайтып-кішірейтетін визуалды әсердің аралық кезеңі болып табылады. Сфера пішінді ғимаратта жарық пиксельдері терезелердің жігінде орналасқандықтан, мұндай әсерді көрсетілгенде аз уақытқа Z-ке ұқсайтын символ пайда болады. Желіде таралған суреттерде нақ осы сәт бейнеленген.
Басты EXPO павильонының ғимаратында орнатылған LED-жүйенің жұмысының толық сипаттамасы, сондай-ақ оның фотосуреттерін голландиялық мердігер VML Technologie-тің ресми сайтында ұсынылған. Бұл ресурста жарияланған суреттерде жарық пикселдерінен суреттің қалай қалыптасатыны және белгілі бір уақытта ғимаратта кескін өзгерген кезде Z әрпіне ұқсас белгі пайда болуы мүмкін екендігі айқын көрінеді.
Мұны растайтын суреттерді әлеуметтік желілерден де табуға болады. 
Сондай-ақ, пиксельдердің бұлай орналасуының биыл болған оқиғалармен ешқандай байланысы жоқ екеніне назар аударған жөн, өйткені Нұр-Сұлтан қаласындағы EXPO павильондарының барлығы дүниежүзілік көрме өткен 2017 жылы салынған болатын.
Қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтандағы ЕХРО павильоны ғимаратында Z әрпіне ұқсайтын белгілер әртүрлі визуалды әсерлер арасындағы өтпелі кезеңдегі эффект болып табылады. Оның саяси жағдайға ешқандай қатысы жоқ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button