Фейк: «Ағза зиянды заттармен күреспеуі үшін вакцинацияға дейін антигистаминдік препараттар тағайындалады»
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған видеороликте медициналық киімдегі ер адам вакцинацияға дейін антигистаминдік препараттар берілетіні туралы айтады. Оның сөзінше, бұл дәрі-дәрмек балаларға ағзасы вакциналардағы зиянды заттармен күреспеуі үшін тағайындалады. Бұл өтірік.
Видеодағы ер адам – Егор Москалев, жеке денсаулық сақтау орталығының негізін қалаған. Ол өзін кинезиолог деп атайды. Кинезиология – бұлшықет қозғалысын зерттейтін ғылым.
Алайда, оның мекемесінің сайтында Егор Москалевтің осы мамандық бойынша медициналық білім алғанын растайтын құжаттар жоқ. Оның орнына, сайтта жалған ғылым болып саналатын және әлемдік медициналық қауымдастық мойындамаған қолданбалы кинезиология бойынша курстардан өткендігін куәландыратын сертификаттар бар.
Сондықтан Егор Москалевтің мәлімдемесіне сенбеу керек.
Сонымен қатар, вакцинацияға дейін балаларға антигистаминдік препараттар міндетті түрде тағайындалады деген тұжырым шындыққа жанаспайды. Шын мәнінде, антигистаминдік препараттарды егілуге дейін аллергиялық реакцияларға бейім балаларға ғана қабылдау ұсынылады.
Аллергиясы жоқ сау балаларға дәрігерлер вакцинацияға дейін дәрі-дәрмек қабылдамауға кеңес береді.
ҚР электрондық үкімет порталында жарияланған Қазақстанда балаларды вакцинациялау туралы мақалада антигистаминдік препараттарды алдын ала қабылдау туралы ештеңе айтылмаған.
COVID-19 қарсы вакцина алуға дайындалып жатқан 12 жастан асқан жасөспірімдерге арналған ұсыныстарда антигистаминдік препараттар қабылдау туралы тармақ та жоқ.
Сондай-ақ, КВИ-ге қарсы егілмек болған ересектерге де арналған мұндай ұсыныстар жоқ.
Сонымен қатар, мамандар «Спутник-V» вакцинасын алғанға дейін антигистаминдік препараттар қабылдаудың қажеті жоқ, өйткені олар дененің иммундық реакциясына теріс әсер етуі мүмкін деп мәлімдеді.
ҚР Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде пайдаланылатын вакциналар туралы ақпарат құпия емес және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының порталында жарияланған.
Олардың құрамында денсаулыққа зиянды немесе қауіпті заттар жоқ.
Осылайша, Егор Москалевтің тұжырымдары негізсіз және шындыққа жанаспайды.