Фейк: «Нобель сыйлығының лауреаты ревакцинация мен АИТВ байланысын растады»
Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың бірінде Нобель лауреаты Люк Монтаньеге тиесілі дәйексөз тарады. Онда COVID-19-ға қарсы ревакцинациядан өткен адамдар АИТВ жұқтырған және үкіметті сотқа беруге толық құқылы екендігі айтылған. Бұл жалған.
Люк Монтанье шынымен Нобель сыйлығының лауреаты. Марапат оған адамның иммун тапшылығы вирусын анықтағаны үшін берілді.
2000 жылдардың басында Люк Монтанье негізсіз және ғылымға қарсы теорияларды ашық тарата бастады. Мысалы, ол Паркинсон ауруын папайямен, ал аутизм спектрінің бұзылуын антибиотиктермен емдеуді ұсынды. Сонымен қатар, ол COVID-19 пандемиясына қатысты бірқатар дәлелденбеген мәлімдемелерімен танымал.
Биыл 8 ақпанда ол 89 жасында қайтыс болды. Монтанье бұған дейін ауруханада жатқаны белгілі, яғни қайтыс болғанға дейін оның көпшілік алдында мәлімдеме жасауы екіталай.
Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Люк Монтаньенің COVID-19 қарсы вакциналардың бустерлік дозасы мен АИТВ-ның арасындағы байланыс туралы айтқан ешқандай сұхбаттары, сөйлеген сөздері немесе жарияланымдары жоқ.
Демек, ол бұрын-соңды бұл туралы айтқан деп айту мүмкін емес. COVID-19 қарсы вакциналар АИТВ жұқтыруға қандай да бір жолмен ықпал етеді деген теорияда ешқандай дәлел жоқ және қазіргі кездегі ғылыми фактілерге қайшы келеді.
Бұған дейін біз мұндай хабарламалардың неге өтірік екендігі туралы егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.
Осылайша, Люк Монтаньенің ревакцинация мен ВИЧ-тің байланысы туралы нақты мәлімдегенін растайтын деректер жоқ.