Фейк: «Қазақстанда перзентханаларда сәбилерге COVID-19 қарсы вакцина егіледі»
Әлеуметтік желілерде нәрестелерді COVID-19 қарсы вакцинасыз перзентханалардан шығармайтыны туралы ақпарат тарады. ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, мұндай апараттар фейк.
– Біздің елімізде де, әлемде де, жаңа туған нәрестелерді COVID-19 қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатқан жоқ. Қазақстанда 12 жастан асқан балалар ғана COVID-19 қарсы егіледі. Рұқсат етілген вакцина – Pfizer/BioNTech шығарған Comirnaty. Оны ДДСҰ мақұлдады. Қазақстанда 12 жастан асқан жасөспірімдерді тек олардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының ерікті келісімімен ғана вакцинациялайды, – деді ол.
Ержан Байтанаев қазақстандықтарды көрінеу жалған ақпарат таратпауға шақырды және елімізде мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.